Арал аудандық мәдениет орталығының жанынан құрылған З.Шүкіров атындағы шығармашылық бірлестіктің ұйымдастыруымен «Айналдым сенен, атамекен-ай» атты Ш.Сариев атындағы аймақтық жазба ақындар мүшәйрасы өтті.
Аудандық мәдениет үйінде аталып өткен шара ақынның шығармашылығы мен өміріне негізделген құнды жәдігерлерден жасақталған көрмені тамашалаудан басталды. Тағылымды шарада аудан әкімінің орынбасары К.Бержанов сөз алып, ақынның ғұмырнамасынан сыр шертіп, қарымды қаламгердің тек Аралдың ғана емес, қазақтың мақтанышы екенін айтты. Сондай-ақ осы шараға қатысып, жүлделі орындар мен түрлі номинациялар бойынша марапат алған ақындарға шығармашылық табыс пен өлең өлкесіндегі қадамдарына сәттілік тіледі.
Сонымен бірге Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі, Арал ауданының құрметті азаматы, ақын, күйші, жырау Мұрат Сыдықов пен «ҚР Мәдениет саласының үздігі», «Еңбек Даңқы медалінің» иегері Базар Қостаева көпшілік алдында Шөмішбай Сариев жайында естеліктер айтып, ақынның өмірін кейінгі ұрпаққа үлгі етті.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Франц Кафка атындағы халықаралық алтын медаль, «Платина тарлан», «Жыл адамы», «Алтын адам» сыйлықтарының лауреаты, филология ғылымдарының кандидаты, ақын Шөмішбай Сариевты жырға қосқан жергілікті ақындармен қатар Ақтөбе, Тараз, Астана қалаларынан қатысқан жыр жүйріктері өз шығармаларына Шөмішбай ақынды арқау етті. Мүшәйраға қатысқан ақындар өз туындыларын көрермендерге тарту етті.
Шара соңында тараздық Ж.Әбдірейұлы бас жүлде, қосжарлық А.Мырзабек І орын, қарашалаңдық А.Күзенова ІІ орын, шөмішкөлдік М.Әбдірауышова мен Арал қаласынан қатысқан О.Жолдасов жүлделі ІІІ орынды иеленсе, Астана қаласынан Ш.Балманова, тараздық М.Байжанов, ақтөбелік Ө.Серәлі, аралдық Р.Сариевалар арнайы номинациялар бойынша марапатталып, ақынның отбасы атынан тағайындалған сыйлықтар табысталды.
Сондай-ақ шара барысында ақынның сөзіне жазылған әндер орындалып, жиналған жұртшылыққа қуанышты көңіл-күй сыйлады.