Медициналық қызметтің қолжетімділігіне партиялық бақылау жасалды.
Кеше «AMANAT» партиясы облыстық филиалының Партиялық бақылау комиссиясы жанындағы мониторингтік топ денсаулық сақтау өкілдерімен бірге қаладағы мемлекеттік жекеменшік әріптестік шартымен жұмыс жасап жатқан емханалардың жағдайына, ондағы халыққа көрсетілетін медициналық қызметтердің қол жетімділігі мен сапасына мониторинг жүргізді.
Зерделеу тобы алдымен 16 мыңнан астам қала тұрғыны қамтылған «Қызылорда темір жол ауруханасы» ЖШС болды. Бұл серіктестік құрамында емхана мен аурухана бар. Мұндағы емхана мен ауруханаға 2022 жылдан бері кезең кезеңімен жұмысты тоқтатпастан күрделі жөндеу жұмыстары жүргілізіп жатыр. Емхана талапқа сай көптеген жаңа құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген.
Ауруханаға барлық бөлімге жаңа керуеттер, тумбалар алынған. Халықтың кедергісіз кіріп шығуы үшін емхана алды тегістеліп брусчатка төселген. Мүмкіндігі шектеулі жандарға қалыпты орта қалыптастырылған.
Мұнан соң зерделеу тобы «ALEXEY SULTAN-AKHMET» ЖШС-нің (Жеке серіктес) емханасында болды. Емхана мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізде жұмыс жасағандықтан заманауи медициналық жабдықтары бар жаңа ғимаратқа көшірілген. Бүгінгі таңда бұл жоба заманауи медицинаның барлық критерийлеріне сәйкес келетін жабдықты пайдалана отырып, жоғары білікті медицина мамандарымен 40 000-ға жуық қала тұрғындарының игілігі үшін медициналық қызмет көрсетуде. Жеке серіктестің өз қаражаты есебінен сатып алынған техникалар қатары жыл сайын жаңартылып отыр.
Жалпы жоба іске қосылғаннан бастап 7 жыл ішінде емханаға бекітілген тұрғындардың саны ,азаматтардың өз еркімен тіркелуі негізінде 7000 адамға өскен. «Бұл жобаның сөзсіз сәттілігін көрсетіп отыр»,- дейді емхана басшылығы.
Партиялық мониторингтік топ сонымен қатар 1972 жылы С. Макаренко атындағы балалар үйіне арналып салынған Баласағұн №5А мекен -жайындағы №6 емхананың №3 ЖТД бөлімінде болды. Типтік емес ғимарат емханаға пайдалануға 2017ж берілген.
Ғимаратқа осыдан 8 жыл бұрын ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген екен. Ғимараттың жалпы ауданы 2168,8 м/кв болғанымен, мониторингтік топ оның 3/1 бөлігі пайдаланылмай отырғандығын анықтады. Сондай-ақ аумақтағы 14 мыңнан астам халыққа медициналық қызмет көрсетіп отырған ғимаратқа күрделі жөндеу қажет екенін айтты. Дегенмен қазіргі таңда «Проект Сервис ЖШС» – мен жобалау сметасы дайындалған екен.
Үш емхананың жағдайын бағамдаған мониторинг топ, әрбір ұжым тарапынан айтылған ұсыныстарды тиісті басқармаларға жеткізетінін және партиялық бақылауға алатындарын айтып тарқасты.