Олжас Бектенов Құлсарыдағы су тасқыны жағдайын тексеріп, тұрғындардың сұрақтарына жауап берді

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Премьер-Министр, Су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және су тасқыны кезеңінің салдарын жою жөніндегі республикалық штабтың жетекшісі Олжас Бектенов Атырау облысындағы ағымдағы жағдайды тексерді. Ол аумақты тікұшақпен аралап, өзен жағалауларын нығайту жұмыстарының барысын қарады.

Олжас Бектенов Құлсары қаласының тұрғындарымен сөйлесіп, олардың қабылданып жатқан шараларды күшейту бойынша сұрақтарына жауап берді. 

 Сондай-ақ Жайық және Жем өзендеріндегі жағдаймен танысты. 

Жылыой және Қызылқоға аудандарында жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы ТЖ режимі сақталып отыр. 

 Бүгінде Қызылқоға ауданындағы Миялы, Аққора, Жангелдин, Жасқайрат және Көздіқара ауылдарында қауіп-қатер сейілді.

Ақтөбе облысы Ойыл ауданы жағынан Жем өзені деңгейінің көтерілуіне байланысты Жылыой ауданы Құлсары қаласын су басқан. 

 28 551 адам эвакуацияланды. 

 Өңірде келетін су азайту көлемін азайту үшін Жем өзенінің сағасы үш жағынан қазылды, сондай-ақ Жем өзенінің бойында орналасқан жасанды бөгеттер бұзылды. 

Бұл өзен арнасының бағытын өзгертуге және судың кедергісіз ағуын қамтамасыз етуге, оның Каспий теңізіне қарай өткізу қабілетін ұлғайтуға және су тасқыны қаупін азайтуға мүмкіндік береді.

Өз кезегінде тұрғындар мен волонтерлер тұрғын үй секторын су басуына жол бермеу бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр.

Олжас Бектенов ауыз судың сапасы мен эпизоотиялық жағдайға бақылауды күшейтуді тапсырды.

Атырауда Премьер-Министр Олжас Бектеновтің жетекшілігімен Су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және су тасқыны салдарын жою жөніндегі республикалық штабтың көшпелі отырысы өтті. Оған бейнеконференцбайланыс режимінде министрліктер мен облыс әкімдіктерінің басшылығы қосылды.

Су тасқыны жағдайы тұрақталғанша өңірлерге жіберілген вице-премьерлердің су тасқынына байланысты қазіргі ахуал туралы баяндамалары тыңдалды. 

 Бүгінгі таңда 10 облыста: Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, сондай-ақ Абай және Ұлытау облыстарында ТЖ режимі сақталып отыр. 

Қазір жалпы еліміз бойынша 15%, солтүстік, шығыс және орталық өңірлерде шамамен 40% аумақты қар басып жатыр.

Авариялық-құтқару жұмыстарына 12 мыңнан астам адам, 800-ден астам техника, 400-ге жуық су айдау және жүзу құралы жұмылдырылды. 

 ТЖ аймақтарынан 70 мыңнан астам адам эвакуацияланды.

Сонымен қатар отырыста Ауыл шаруашылығы министрлігінің ақпараты тыңдалды. 

 Қабылданған шаралардың нәтижесінде су басқан өңірлерде 60 мыңнан астам мал басы қауіпсіз учаскелерге көшірілді. 

 Оған қоса су басқан аймақтарда эпизоотиялық жағдайдың нашарлауына жол бермеу үшін министрліктің Республикалық эпизоотияға қарсы жасағы облыс әкімдіктерімен бірлесіп,  жануарлардың өлекселерін жинау және жою жұмыстарын жүргізіп жатыр. 

 Бүгінгі таңда 1013 бас, оның ішінде 133 ІҚМ, 809 ұсақ мал басы, 64 жылқының өлексесі жойылды.

«Су тасқынына қатысты  жағдай өте күрделі. Президент су басқан аумақтарда құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету міндетін қойды. Қалалар мен ауылдардың тыныс-тіршілігін тиісті деңгейде қамтамасыз ету қажет. Тұрғындарды керекті нәрселердің барлығымен қамту керек. Бақылауды күшейтіп, азық-түлік бағасының негізсіз өсуіне жол бермеуді тапсырамын. Ондай фактілердің жолын кесу керек. Қазір бірқатар өңірде залалды өтеу және өтемақы төлеу жұмыстары басталды. Бұл жұмысты бюрократияға салмай, жедел түрде мүмкіндігінше ашық жүргізу керек. Ешкім көмексіз қалмауы керек. Әкімдер жағдайды ерекше бақылауда ұстасын. Коммуналдық кәсіпорындар мен санитариялық-эпидемиологиялық қызметтер күшейтілген жұмыс режиміне көшірілді. Халыққа барлық қажетті қызметтерді сапалы және үздіксіз негізде көрсету қажет», —  деді Олжас Бектенов.
Премьер-Министр, Штаб жетекшісі Олжас Бектенов келесідей тапсырмалар берді:

Денсаулық сақтау министрлігі су басқан аймақтардағы санитариялық-эпидемиологиялық жағдайды, атап айтқанда, ауыз судың сапасын бақылауды күшейтуі керек;

Ауыл шаруашылығы министрлігі эпизоотиялық жағдайдың нашарлауына жол бермей, үй және жабайы жануарларға қажетті ветеринариялық бақылауды қамтамасыз етуге тиіс;

Ішкі істер министрлігі эвакуацияланған халықтың мүлкінің сақталуын қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдауы қажет;

әкімдіктер эвакуациялық пункттердегі халықты қажетті заттардың барлығымен қамтамасыз етіп, сондай-ақ қалпына келтіру жұмыстары кезеңінде оларды уақытша орналастыру мәселесін пысықтауы қажет.

Жұмыс жалғасуда. Елдегі су тасқыны жағдайы – Штабтың тұрақты бақылауында. 

Олжас Бектенов: Президент су тасқынымен күреске барлық күшті жұмылдыру міндетін қойды

 Қазақстан Премьер-Министрі, Су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және су тасқынының салдарын жою жөніндегі республикалық штабтың жетекшісі Олжас Бектенов Солтүстік Қазақстан облысында Есіл өзенінің жайылмасын айналып өтіп, Сергеев су қоймасындағы жағдайды тексерді. Сондай-ақ Есіл өзені арнасынан асқан жағдайда су басудың алдын алу және залалды азайту үшін Петропавл қаласының маңындағы бөгеттерді нығайту бойынша жұмыстар тексерілетін болады.

Үкімет басшысына Сергеев су торабы қазіргі уақытта қуатының шегінде жұмыс істеп жатқаны туралы баяндалды. 

8 сәуірдегі жағдай бойынша 6017 м3/с деңгейінде су келуі тіркелді, оны жіберу 4720 м3/с деңгейінде жүзеге асырылып жатыр. 

Сондай-ақ Сергеев су қоймасы пайдалануға берілген 1969 жылдан бастап судың максималды шығыны 3600 м3/с деңгейінде болған. 

Осылайша, қазіргі су қоймасының толуы соңғы 50 жылда алғаш рет орын алып отыр және алдыңғы максималды көрсеткіштерден 2 есе дерлік асады.

Осыған байланысты су тасқынына қарсы іс-шараларды толыққанды жүргізу әрі ғимараттардың қирауына жол бермеу үшін Олжас Бектеновтің тапсырмасымен ҚР Қарулы күштері құрлық әскерлері бригадаларының 300 әскери қызметкері Астана қаласынан Солтүстік Қазақстан облысына аттанды. 

ҚР Ұлттық ұлан академиясынан 400 курсант және ҚР Ұлттық ұланының «Орталық» өңірлік қолбасшылығы әскери бөлімінің 300-ден астам қызметкері тартылды. 

 Бұл ретте өңірге көмек көрсету үшін тартылатын әскерилер санын одан әрі ұлғайту жөнінде команда берілді. Айта кету керек, қазіргі уақытта қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов – Қостанай облысында.

«Президент су тасқынымен күреске барлық күшті жұмылдыру міндетін қойды. Біз Солтүстік Қазақстан облысының өзіне Қорғаныс министрлігі мен Ұлттық ұланның мыңға жуық қызметкерін жұмылдырдық. Міндетіміз – Есіл өзені арнасынан асып кеткен кезде үлкен зардаптардың алдын алу. Мұндай ауқымдағы су көлемі Сергеев су қоймасының бүкіл тарихында алғаш рет орын алуда», — деді Олжас Бектенов.

Бұған дейін Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің тапсырмасы бойынша бірінші вице-премьер Роман Скляр СҚО-ның құрылыс және жол-құрылыс компанияларының басшыларын су тасқынына қарсы іс-шараларды өткізуге көмек көрсетуге шақырды. 

БӨЛІСУ