Skip to content

ЕШКІМ ЕСКЕРУСІЗ ҚАЛМАЙДЫ

Олжас Бектенов: мемлекет ешкімді баспанасыз, далада қалдырмайды.

Ақтөбе облысында Қазақстан Премьер-Министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен селекторлік режимде өңірлік штаб басшыларының қатысуымен Су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және су тасқынының салдарын жою жөніндегі республикалық штабтың отырысы өтті, деп хабарлайды primeminister.kz.

Бүгінгі таңда елімізде су тасқынына байланысты күрделі ахуал қалыптасып отыр. Тоғыз өңірде жергілікті ауқымдағы ТЖ режимі жарияланды (Абай, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, БҚО, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Ұлытау). Су тасқыны басталғаннан бері су басқан аймақтардан барлығы 19 мыңнан астам адам эвакуацияланды.

Штаб басшысының орынбасары Қанат Бозымбаевтың есебі тыңдалды. Болжамға сәйкес, жақын арада бүкіл ел бойынша жауын-шашын болып, күн күрт жылынады деп күтілуде. Қардың тез еруінен су қоймалары толуда. Бүгінгі таңда солтүстік, шығыс және орталық аймақтардың 65%-дан астамы әлі күнге дейін қалың қар астында. Сондықтан алдағы уақытта су тасқыны қаупі бар өңірлерде алдын алу шаралары күшейтілді, ТЖМ-нің қажетті күштері мен құралдары дайындалды.

Қаржы министрі Мәди Такиев Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру аясында су тасқыны салдарынан шаруашылық қызметі бұзылған жеке кәсіпкерлер мен шағын және орта бизнес субъектілерінің барлығына берілген өтінішіне сай несиелер бойынша төлемдерді кейінге қалдыру ұсынылатынын баяндады. Сондай-ақ Қаржы министрлігі су тасқынынан зардап шеккен бизнес субъектілері үшін салық есептілігін тапсыру және салықтарды төлеуді кейінге қалдыруды ұсынады.

Сонымен қатар отырысқа бизнес-қоғамдастық өкілдері қатысып, су тасқынынан зардап шеккен инфрақұрылымды қалпына келтіруге мемлекетке жәрдемдесуге дайын екендерін мәлімдеді.

Өз кезегінде Олжас Бектенов барлық өңірде әкімдіктердің өтініші бойынша су тасқынына қарсы жұмыстарға қажетті техника мен материалдарды тегін берген құрылыс компанияларына, жол жөндейтін ұйымдарға Үкіметтің атынан алғыс айтты.

Отырыс қорытындысы бойынша Премьер-Министр жөндеуге жарамды тұрғын үйлер мен инфрақұрылымның сапасына ерекше назар аудару қажет екенін атап өтті.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша су басқан үйлердің барлығы құжаттардың бар-жоғына қарамастан, қалпына келтірілетін болады. Мемлекет ешкімді баспанасыз, далада қалдырмайды. Осындай қиын жағдайда ірі, орта бизнес, сондай-ақ кішігірім компаниялар және елдің тағдырына бей-жай қарамайтын қарапайым азаматтар қол ұшын созып жатыр. Бюджет қаражатына қосымша тұрғын үйлерді қалпына келтіруге, жоғалған мүлік пен мал шығынын өтеуге бағытталатын қомақты сома жиналды. Мердігер компаниялар осындай қиын жағдайды бизнеске айналдырмайды және барлық қаражат мақсатты түрде жұмсалады деп сенемін», — деді Штаб жетекшісі.

Фермерлер мен ауыл шаруашылығы жануарларының иелеріне ерекше назар аударылды. 33 мыңнан астам мал басы қауіпсіз жерлерге көшірілді. Оған қоса малдың өлім-жітімі бар. Ауыл шаруашылығы министрлігі шығынды өтеу мәселесін шешуде.
«Үкімет фермерлер мен мал иелеріне несиелер мен лизингтік міндеттемелерді кейінге шегеру бойынша қолдау көрсететін болады. Төлемдер кешіктірілген жағдайда айыппұл салынбайды», — деді Премьер-Министр.

Сонымен қатар Штаб отырысында тасқын кезеңіне алдын ала дайындалған өңірлердің бар екені, сондықтан су тасқынының салдары соншалықты жойқын болмағаны атап өтілді. Мәселен, Қарағанды облысында ауқымды судың көлеміне қарамастан, елді мекендерді жаппай су алып кеткен жоқ. 6-7 жыл бұрын ауылдардың айналасында бөгеттер салынып, суды бұратын арықтар қазылған. Мұның барлығы – уақтылы қабылданған қарапайым шешімдер. Ол өз тиімділігін дәлелдеді.

Сондықтан әрбір елді мекен бойынша осы жылдың күзіне дейін жойқын су тасқынының алдын алу үшін қажетті шараларды қабылдау тапсырылды. Әкімдердің есептері Үкімет отырыстарында тұрақты түрде тыңдалатын болады.

Сонымен қатар облыс әкімдігінде Олжас Бектенов Ахуалдық орталыққа барды. Ахуалдық орталықтың операторлары – «109» қысқа нөмірі бойынша тәулік бойы жұмыс істейтін Call-орталық арқылы халықпен байланыста. 109 ахуалдық орталығына су тасқынына қарсы іс-қимыл басталғаннан бері 15 мыңнан астам қоңырау түсті. 12 293 өтінім тіркелді. Ахуалдық орталық күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр, оған ТЖ және су тасқынына қарсы штаб қызметтері қосылған.

БӨЛІСУ

Designed using Hoot Business. Powered by WordPress.