Бүгін ауданда Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі және айтыскер ақын, өтірік айтыс жанрының майталманы, Сырдария ауданының Құрметті азаматы Замаддин Ибадуллаевтың туғанына 85 жыл толуына орай «Заманның заңғары – Замаддин» атты жастар арасындағы республикалық ақындар айтысы өтті.
Айтыстың ашылуында аудан әкімі Берік Сәрменбаев халықты мерекемен құттықтап, жырмен сусындатуға келген ақындарға сәттілік тіледі.
– Халқымызда «Қос тойың қабат болсын» деген жақсы сөз бар. Бүгін біз Наурыз мерекесін тойлаумен қатар айтыскер ақын, өтірік айтыс жанрының майталманы, Сырдария ауданының Құрметті азаматы Замаддин Ибадуллаевтың туғанына 85 жыл толуына орай «Заманның заңғары – Замаддин» атты жастар арасындағы республикалық ақындар айтысын ұйымдастырудамыз. Замаддин Ибадуллаев суырыпсалма өнерімен туған жерде шыңдалып, айтыс сахнасына шыққан. Заңғар ақын республикалық ақындар айтыстарының жүлдегері атанды. Алматы қаласында ұйымдастырылған республикалық ақындар айтысында топ жарды. Өтірік өлең айтысының үлгісін көрсетіп, елге белгілі болды. Ақынның «Ақжарма жырлар», «Жылдар мен жырлар», «Бағдары ауған пенделер» атты кітаптары жарық көрген. Айтыс өнерінің хас шебері көптеген шәкірттерді тәрбиеледі. Бүгінде олардың қатарында Елена Әбдіхалықова, Мамыр Бәйдәулетов, Айдос Рахметов, Нұрмат Мансұров, Мұхтар Ниязов секілді талантты шәкірттері жыр додасында халықтың ықыласына бөленуде.
Сырдария ауданы – таланттардың өлкесі. Бұл мекен – сатира сардары Асқар Тоқмағамбетов, қаламы қарымды Қалтай Мұхамеджанов, театр анасы Сәбира Майқанова, Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Әнұраны авторларының бірі Жадыра Дәрібаева, Қызылорда облысының және Сырдария ауданының Құрметті азаматы, композитор Рамазан Тайманов бастаған дарындылардың туған жері. Сондай-ақ, ауданымыздан ғұлама ғалымдар мен ахун-ишандар көп шыққан. Бүгін осынау берекелі, киелі өлкені ақындар жырға қосып, өлеңмен өрнектейді деп сеніммен айта аламыз. Бірлігі бекем Сырдария ауданы дами берсін! Шабыты тасыған ақындарымызға сәттілік тілеймін, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Айтыста Мұрадым Мирланов (Батыс Қазақстан облысы), Қажымұқан Абзалов (Шымкент қаласы), Нұрмахан Жақып (Түркістан қаласы), Мұхтар Қонарбаев (Астана қаласы), Алина Айдаралы (Жамбыл облысы), Қару Нұрзат (Алматы қаласы), Ерасыл Байментай (Қызылорда қаласы), Бексұлтан Орынбасаров (Арал ауданы) Шыңғыс Құдайберген (Шиелі ауданы) және Нұрахмет Мансұров (Сырдария ауданы) секілді ақындар Заметдин Ибадуллаевтың жүріп өткен шығармашылық жолын насихаттап, жырдан шашу шашты.
Айтысты айтыскер ақын, Алтын домбыраның үш дүркін иегері Мұхтар Ниязов жүргізіп, жас ақындардың өнерін «Мәдениет саласының үздігі», «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Серік Ыдырысов төрағалық етіп, «Дарын» мемлекеттік Жастар сыйлығының, «Құрмет» орденінің иегері Бекарыс Шойбеков пен айтыскер ақын, айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің Халықаралық Одағының Қызылорда филиалы бойынша төрағасы, Сырдария ауданының Құрметті азаматы Нұрмат Мансұров қазылық жасады.
Қазылар алқасының шешімімен аламан айтыстың бас жүлдесіне астаналық М.Қонарбаев лайық деп танылса, жүлделі бірінші орынды қызылордалық Е.Байментай, екінші орынды түркістандық Н.Жақып, үшінші орынды Жамбыл облысынан келген А.Айдаралы, сырдариялық Н.Мансұр және аралдық Б.Орынбасаров иеленді. Сонымен қатар, айтысқа қатысушы ақындарға ынталандыру сыйлығы берілді. Барлық ақындар қаржылай сыйақымен марапатталды.