Жыл басы саналатын Ұлыстың Ұлы күні қазақ елі үшін қашан да қасиетті де киелі саналған. Биыл елімізде Наурыз мейрамы жаңаша сипатта аталып өтуде. «Наурызнама» онкүндігіне сәйкес іс-шаралар жалғасын табуда.

Бүгін аудан жұртшылығы Наурыз мейрамын кең көлемде атап өтті. Орталық алаңда қазақы нақыштағы ағаш үйлер мен арнайы орнатылған шатырларда қазан асылып, жайылған дастарханда халыққа наурыз көже ұсынылды.

Мерекелік шара «Армысың әз-Наурыз» атты театрландырылған қойылымымен бастау алып, ұлттық салт-дәстүрлер дәріптелді.
Салтанатты шарада аудан әкімі А. Оңғарбаев аудан халқын Наурыз мерекесімен құттықтады.: -« Күн мен түн теңеліп, табиғат-Ана бусанып, жасарып-жаңаратын, Ұлы даланы шуаққа бөлеп, ырыс-несібеміздің бастауы болып кірген ұлттық мереке Ұлыстың Ұлы күні – әз-Наурыз баршаңызға құтты болсын!
Бұл мереке күллі мұсылман қасиетті санаған Рамазан айында тойланып жатыр. Тұтқан оразаларыңыз, тілеген дұға-тілектеріңіз қабыл болсын! Елімізді шуағына бөлеген Ұлыстың Ұлы күні әр шаңыраққа мерейлі шаттық, мол ырыс пен мызғымас ынтымақ сыйласын!Тіршілік жаңарып, жыл бастауы болған Әз-Наурыздағы барша тілектеріңіз қабыл болсын!Әр шаңыраққа Қыдыр қонып, бақ дарысын! Ұлыс оң болсын!»-деп ізгі тілегін арнады.

Наурыз тойына келген тұрғындар жергілікті жердегі қолөнер шеберлерінің көрмесін тамашалады.
Сонымен қатар, асық ату, арқан тарту, қол күресі, тоғызқұмалақ және гір тасын көтеру сынды ұлттық спорт түрлері бойынша ұйымдастырылған жарыста өзара сынға түсті.
Ұлттық спорт түрлерінен өткен жарыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне арнайы кубоктар мен медальдар табысталды

Ұлыстың ұлы күнін тойлауға жиналған аудан халқы наурыз көжеден дәм татып, үлкендер ел мен жердің амандығын тілеп, баталарын берді.

БӨЛІСУ