Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мейрамын тойлаудың жаңа форматы негізінде 20 наурыз – Ұлттық спорт күні болып белгіленді. Осыған орай, Қызылорда қаласындағы ипподромда аталмыш күнге байланысты қазақтың ұлттық ойындарынан түрлі сайыстар ұйымдастырылып, мерекенің мән-мазмұнын айшықтайтын іс-шаралар көрермендердің назарына ұсынылды.
Игі шараға облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасына қарасты мекемелердің қызметкерлері мен спортшылары, қала тұрғындары қатысып, спорт саласының ардагерлері қонақ болды.
Шара барысында ұлттық құндылықтарымызды ұлықтайтын қазақы салт-дәстүрлеріміз: «Беташар», «Тұсау кесу», «Қой көтеру» рәсімдері мен қыз-келіншектер арасында «Үздік ұлттық киім» байқауы өтті.
Сонымен қатар, асық ату, бес тас, тоғызқұмалақ, арқан тарту, қой көтеру, ләңгі тебу, қол күресі, садақ ату, гір көтеру, қазақ күресі сынды ұлттық ойындардан жарыс ұйымдастырылды.
Айта кетейік, ұлттық спорт күніне арналған айтулы іс-шаралар бір мезгілде барлық аудандарда өткізіліп, жеңімпаздар арнайы сыйлықтарға ие болды.