Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесінің тойлаудың жаңа форматына сәйкес, әр күн белгілі бір тақырыптарға арналған болатын. Осыған орай, 20 наурыз – Ұлттық спорт күні болып белгіленді.
Бұл күні қазақтың ұлттық ойындары: қазақ күресі, асық ату, бес тас, тоғызқұмалақ, садақ ату, арқан тарту, қой көтеру, ләңгі тебу сынды ойындардан арнайы сайыстар өтіп, халық арасында ұмыт болған спорт түрлері дәріптелді.
Ұлттық спорт күнінде облыстың барлық аумақтарында 30-дан астам мерекелік іс-шара өтіп, «Ұлттық ойын – халық мұрасы» және «Ұлы дала тарландары» атты ұлттық спорттан жарыстар ұйымдастырылды.
Бұдан бөлек, бүгін Наурыз мерекесі қарсаңында Қызылорда қаласындағы Жаппасбай батыр көшесінен 80 отбасыға көпқабатты пәтердің кілті табысталды. Сонымен қатар, дәл осы күні қаланың сол жағалауында аймақ басшысының қатысуымен үстел теннисі орталығының іргетасын қалау рәсімі өтті.
Сондай-ақ, Сырдария ауданындағы Бесарық ауылында аймақ басшысының қатысуымен «Әз-Наурыз – игіліктер бастауы» атты мерекелік шара өтті.
Елімізде ұлттық спорт түрлері – спорт пен дене шынықтырудың ажырамас бөлігі, жастарға бай тарихымыз бен салт-дәстүрлерімізді насихаттаудың, халық денсаулығын нығайтудың негізгі факторы.
Тəуелсіздік алған кезден бастап елімізде 25-тен астам ұлттық спорт түрі қарқынды дамып келеді. Оның ішінде қазақ күресі, тоғызұмалақ, асық ату, құсбегілік, көкпар, аударыспақ, теңге ілу, жамбы ату, ұлттық ат жарысы түрлерімен айналысатындар саны артты.
Статистикаға сүйенсек, ұлттық спорт түрлерінің тұрақты дамуы байқалады. Ұлттық спорт түрлерімен жүйелі түрде айналысатындардың саны 2019 жылы 399,3 адамнан 2020 жылы 432,4 адамға дейін өсті (бұл дене шынықтырумен және спортпен шұғылданатын еліміздегі жалпы халық санының 7,9%-ы).
Ал өткен жылдың соңында қазақ күресі, құсбегілік, асық ату және тоғызқұмалақ ЮНЕСКО-ның материалдық емес мұралар тізіміне енгізілді.
Бүгінде республикада 8 мамандандырылған клуб пен ұлттық спорт түрлері бойынша 13 мамандандырылған спорт мектебі жұмыс істейді.
Жергілікті атқарушы органдардың мәліметі бойынша, республика аумағында 45 ипподром бар. Оның 33-і мемлекеттік, 12-сі жеке меншік.