Бүгін Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесін атап өтудің онкүндігі, яғни «Наурызнама» бойынша – Ұлттық спорт күні.

Осыған орай бүгін Қазалы ауданында нағыз қазақтың білекті жігіттерінің бағы сыналатын ұлттық ойын аударыспақтан аудандық турнир ұйымдастырылды.

Ат үстіндегі білекті жігіттердің бәсекесіне аудан әкімінің орынбасары Дәурен Тлеумбетов қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі.

Турнирде 4 салмақ дәрежесі бойынша 30-дан астам білекті жігіттер бақ сынады. Ұлттық спорт түрінен ұйымдастырылған сайыстың қорытындысы бойынша жеңіске жеткен спортшыларға арнайы қаржылай сыйлықтар табысталды.

Мұнан бөлек бүгін ауданда ұлттық спорт түрі асық атудан турнир ұйымдастырылып, 60 қа жуық жас спортшылар бақ сынасты.
Айта кетейік, бүгін Қазалы ауданында ұлттық спорт күніне орай барлық ауылдық округтерде қазақ күресі, қол күресі, гір көтеру, асық ату, ләңгі тебу, арқан тарту, қой көтеру сынды ұлттық ойын түрлерінен жарыстар ұйымдастырылды.

Аударыспақ — спортшыдан үлкен ептілікті, күштілікті, төзімділік пен батылдықты талап ететін ұлттық спорттың бір түрі (екі салт атты бір-бірін аттан аударып алуға тырысады).

Аударыспаққа тәртіп бойынша ат үстіндегі айқасты жақсы меңгерген, тиянақты дайындығы бар спортшылар ғана қатынаса алады. Ал дайындығы жеткіліксіз, тәжірибесі аз спортшылар үшін бұл өте қиын. Сондықтан қазіргі тәртіп бойынша сайысқа 18 жасқа толғандар ғана қатынастырылады. Сайысқа қатынасушылар үш салмақтық категорияға бөлінеді. Аударыспақ салмақтық категорияға бөлінеді. Аударыспаққа салмақтың категорияны енгізудің мақсаты — қатынасушыларға неғұрлым теңдік жағдай туғызу. Оны спорттың сайыстың бір түріне айналдыру үшін бір-біріне тең келетін салмақтық категорияны көбейту дүрыс. Бұл категорияға бөлу соңғы кезде қалыптасты. Ертеде кез келген тілек білдіруші өз еркімен қатынаса беретін болған. Амал қанша, спорттық жарыстарда сол үш категорияның өзі де көбіне әлі де сақтала бермейді. Спорттың бұл түрінің дамуымен бірге, сөз жоқ оның салмақтық категориясы да көбейе, кеңейе беретіні күмәнсіз.

Ойында аты белді, жарамды, өзі мықты, атқа отырысы мығым, білікті жігіттер жеңіп шығады. Сайып келгенде, аударыспақта негізгі рольді ат пен ойыншы жігіттер атқарады. Оспадарлық, жұла қашу, салып қалу, қол қайыру сияқты айла-амалдарды қолдануға болмайды. Аударысу ат пен жігіттің үндескен қимыл-бірлестігіне сүйене отырып, күш-жігердің басымдығын көрсететін қалыпты, байсалды шеберлікке үласып жатуы шарт.

БӨЛІСУ