Түркі мемлекеттері ұйымына (ТМҰ) мүше мемлекеттердің ауыл шаруашылығы министрлерінің агроөнеркәсіптік кешенді дамыту мәселелері жөніндегі үшінші отырысы басталды.

Қазақстанның ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров пен ұйымның бас хатшысы Кубанычбек Өмірәлиевтің төрағалығымен өткен іс-шараға ұйымға мүше елдердің ауыл шаруашылығы министрлері мен министрлердің орынбасарлары қатысуда.

Отырыс барысында Қазақстан мен ТМҰ мүшелері арасындағы сауда қатынастары өзара тиімді ынтымақтастықты тереңдету үшін зор әлеуетке ие екені сөз етілді. Қазірдің өзінде Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің ішінде Қазақстанның жалпы тауар айналымындағы үлесі 28% -ға жетті.

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров құттықтау сөзінде Қазақстан Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдермен ынтымақтастыққа үлкен мән беретінін атап өтті. Ол экономикалық та, стратегиялық та мағынаға ие.

«Қазақстан әріптестерімізбен қалыптасқан қарым-қатынастарды дамытуға, сондай-ақ экспорттық тауарлардың ассортиментін кеңейтуге ұдайы ұмтылуда», – деді министр және кездесуге қатысушыларға бірқатар ұсыныстарын жеткізді.
“Өздеріңіз білетіндей, Қазақстан жайылым көлемі бойынша әлемдегі 5-ші ел. Мал шаруашылығы біз үшін дәстүрлі және өте перспективалы сала. Сәйкесінше, біз мал шаруашылығы өнімдерін сатуға мүдделіміз, атап айтқанда, салқындатылған және мұздатылған сиыр еті, қой еті, қосымша өнімдер, ІҚМ терісі. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Өзбекстанға мал шаруашылығы өнімдерін жеткізетін 130-ға жуық қазақстандық кәсіпорынды Өзбекстанға әкелінетін ветеринариялық қызметтің бақылауындағы тауарларды өндірумен, өңдеумен және сақтаумен айналысатын ұйымдардың тізіліміне енгізу үшін қарастыруды ұсынамын. Сонымен қатар, Қазақстан Түркия, Түркіменстан және Мажарстан нарығына жоғары сапалы ет өнімдерін жеткізуге дайын екенін жеткіземін», – деді А.Сапаров.

Министр дәстүрлі өнімдерден бөлек, елде өндірісі жылдан жылға артып келе жатқан бірқатар перспективалы тауарларды да атап өтті. Айдарбек Сапаров одан әрі өсу үшін барлық қажетті ресурстар мен жағдайлар бар екенін мәлімдеді. «Бірінші кезекте бұл –  өсімдік майы. Соңғы 3 жылда күнбағыс, мақсары және рапс майы экспортының көлемі 3 еседен астам ұлғайды және біз одан да көп жеткізуге дайынбыз» – деді.

Өз кезегінде, ТМҰ Бас хатшысы Кубанычбек Өмірәлиев ауыл шаруашылығы министрлерінің үшінші отырысын ұйымдастырғаны үшін Айдарбек Сапаровқа алғыс айтып, іс-шараның ынтымақтастықты нығайтудағы, сондай-ақ түркі халықтарына азық-түлікті тұрақты және сенімді жеткізуді қамтамасыз етудегі маңыздылығын атап өтті, Себебі көптеген елдер үшін ауыл шаруашылығы бұрынғысынша экономиканың негізгі секторы болып табылады.
“Біздің сарапшылар ауыл шаруашылығы секторындағы экономикалық интеграцияға қол жеткізудің кешенді жолдары мен шараларын талқылауда. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету әрбір мүше мемлекет үшін басты басымдық болып табылады. Демек, 2022 жылы Самарқанд саммиті кезінде Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев ұсынған “ТМҰ аясындағы азық-түлік қауіпсіздігі туралы көпжақты келісім” құжатқа (Түркі өңіріндегі азық-түлікпен жабдықтаудың тиімді жүйесі ретінде) мүше мемлекеттер мүмкіндігінше тезірек келісуі және қол қойуы тиіс “, – деп мәлімдеді ТМҰ Бас хатшысы.

Айта кетейік, Өзбекстанның ауыл шаруашылығы министрі Иброхим Абдурахмонов атап өткендей, жоғарыда аталған келісімнің жобасы дипломатиялық арналар арқылы берілді және оны ТМҰ тарапынан қарауына жіберілген. Иброхим Абдурахмонов өзбек тарапының азық-түлік резервтерінің өңірлік жүйесін құру мүмкіндігін зерттеуге ниетті екенін атап өтіп, өз ұсыныстарымен бөлісті:
“Біріншіден, шекаралар, сауда орталықтары, порттар мен теміржол станциялары маңында жасыл сауда аймақтары мен агро-логистикалық хабтар құру. Осы әдіс арқылы біз елдеріміз арасындағы сауда көрсеткіштерін жақсартып қана қоймай, экспортшыларымыздың экспорттық мүмкіндігін арттыра аламыз. Екіншіден, біз шын мәнінде ТМҰ мемлекеттері арасында бірыңғай жалпыға қолжетімді расталған сертификаттауды әзірлеу арқылы экспорттаушыларға шекарадан өтіп, карантиндік және фитосанитарлық рәсімдерді қысқартуға көмектесе алар едік деп есептейміз “.

Сонымен қатар, Түркияның ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары ауыл шаруашылығы саудасының көлемін арттырудың маңыздылығына тоқталды. Абубекир Гизлигидер сондай-ақ ТМҰ-ға мүше елдер үшін сертификаттарды өзара тану және өнімді таңбалау маңызды басымдықтар болуы тиіс екенін атап өтті. Ол жалпы ортақ электрондық сертификаттар мен каталогтарды пайдалану әрдайым басымдықта қалуға тиіс деп санайды.

Өз кезегінде, Әзірбайжан ауыл шаруашылығы министрі Меджнун Мамедов өз елінің ауыл шаруашылығын цифрландыру саласындағы жетістіктерімен бөлісуге дайын екенін және ТМҰ мүше мемлекеттердің ауыл шаруашылығын сақтандырудың ортақ жүйесін әзірлеу мүмкіндігін зерттей алатынын жеткізді.

Баяндамадан соң қатысушылар талқылауға көшті. Қатысушылар өзара сауданы ұлғайту және үшінші елдермен сауданы кеңейту мүмкіндіктері туралы пікрілерін ортаға салды. Барлық тараптар өз көзқарастарын білдірді. Талқылау қорытындысы бойынша министрлер коммюнике қабылдады. ТМҰ ауыл шаруашылығы министрлері үшінші отырысының қорытынды құжатының мәтінін жариялайтын болады.

БӨЛІСУ