Ұлттық экономика министрлігі жыл сайын ауылдардың қамтамасыз етілуіне мониторинг және талдау жүргізеді.

«Елімізде 6,2 мың ауылдық елді мекенде 7,6 млн адам тұрады. Бұл – жалпы халық санының 38,4%-ы. Министрлік жыл сайын Өңірлік стандарттар жүйесінің талаптарына сәйкес ауылдардың қамтамасыз етілуі деңгейіне мониторинг және талдау жүргізеді. Талдау нәтижелеріне сәйкес, жоғары және орташа деңгейде қамтамасыз етілген ауылдар санының артуы байқалады», — деп хабарлады ҚР Үкіметінің отырысында Премьер-Министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров.

«Ауыл – Ел Бесігі» жобасы аясында 1,4 мың жоба іске асырылады

Н. Байбазаров: «Ауылдық жерлерде инфрақұрылым мәселелерін шешудің басты құралдарының бірі – “Ауыл – ел Бесігі” бағдарламасын іске асыру. 2019-2023 жылдары республикалық бюджеттен жалпы бағдарлама бойынша 524 млрд теңге бөлініп, 1,8 мың тірек және спутниктік ауылдарда 5,4 мыңнан астам жоба іске асырылды. Бұл тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы 578 нысанды, 1,7 мың әлеуметтік нысанды және 3 мыңнан астам ауылішілік жолдарды салуға және жөндеуге мүмкіндік берді. Сондай-ақ биыл республикалық бюджеттен 179 млрд теңге бөлініп, 500-ден астам ауылда 1,4 мың жобаны іске асыру жоспарлануда».

Ауылдық округтердің табысын 2,5 есе арттыру жоспарлануда

«Ауылдардың экономикасын қарқынды дамыту үшін ауыл бюджетінің кірістер бөлігін ұлғайту қажет. Осы мақсатта бюджеттің IV деңгейіндегі кірістерін 2,5 есе арттырып, 167 млрд теңгеге жеткізуге мүмкіндік беретін қосымша салықтар мен төлемдердің кейбір түрлерін беру жоспарлануда. Атап айтқанда, жеке және заңды тұлғалардың мүлік салығының 50%-ы, жекелеген қызмет түрлерімен айналысу құқығы үшін лицензиялық алым, пайдаланғаны үшін төлемақы және жер үсті көздерінің су ресурстарын пайдаланғаны үшін төлем», — деді алдағы жоспарлар туралы баяндаған Премьер-Министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров.
Олжас Бектенов: Мектептер мен медициналық мекемелер – ауылдағы ең маңызды объектілер. Оларға айрықша назар қажет

«Әр ауыл тұрғыны тұрмыстық ахуалдың жақсарғанын және жайлы тұрмысқа қажетті игіліктердің болғанын қалайды. Ол үшін біз қала мен ауылдың тұрмыс деңгейіндегі алшақтықты біртіндеп қысқартып келеміз. Мұндағы негізгі факторлар – қолжетімді қызметтер, яғни сапалы жол, медицина мен білім беру. Сондай-ақ ауыз су мен жолдардың сапасына, электр қуаты мен ұялы байланыстың жағдайына және Интернеттің қолжетімді болуына қатысты мыңдаған шағым келіп түседі. Әлеуметтік, инженерлік және көлік инфрақұрылымын, әсіресе, шекара маңындағы аумақтардың инфрақұрылымын дамыту жұмыстарын күшейту керек.

Әкімдіктер ауылдық жерлерде кадр тапшылығы мәселесін шешуі қажет — Премьер-Министр Олжас Бектенов

«Әкімдіктер ауылдық жерлерде кадр тапшылығы мәселесін шешуі қажет. Келген мамандарға, әсіресе, жастарға қолдау көрсету керек. Ол үшін «Дипломмен ауылға» жобасы бар.

2009-2023 жылдар аралығында жобаны іске асыру барысында ауылға барған 105 мыңнан астам маман жалпы сомасы 20,3 млрд теңге көтерме жәрдемақы алды. Олардың 48 мыңнан астамы жалпы сомасы 160,4 млрд теңгеге баспана алды.

Биыл 25 млрд теңге қарастырылып отыр, бұл шамамен 3,1 мыңға жуық маманды баспанамен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді».

 Ауылдағы тыныс-тіршілікті қамтамасыз ету үшін ауылдық әкімдіктердің кірісін кеңейту мәселесін пысықтау қажет — Олжас Бектенов

«Ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдамасының іс-шараларынан туындайтын барлық мәселе жергілікті жерлерде жедел әрі тұрғындардың пікірін ескере отырып, шешілуге тиіс. Ауылдағы тыныс-тіршілікті қамтамасыз ету мәселелерін шешудің тиімділігін арттыру үшін ауылдық округтер әкімдіктерінің кіріс базасын кеңейту мәселесін пысықтау қажет.

– Ауылда инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға бюджеттен тыс қаражат тарту бойынша әкімдіктердің жұмысын бағалау үшін нақты индикаторларды айқындауды тапсырамын».

Салық және кедендік әкімшілендіру есебінен бюджет 4 трлн теңгеге толықты

Мұндай нәтижелерге соңғы 5 жылда, соның ішінде процестерді цифрландыру арқылы қол жеткізілді. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында қаржы министрі Мәди Тәкиев баяндады.

Оның айтуынша, 4 трлн-ның 23%-ы 2023 жылға тиесілі. 2024 жылы кірістер жоспарында әкімшілендіруге 1,6 трлн теңге салынды, бұл өткен жылдың деңгейінен 173%-ға артық. Министр бұл ауқымды міндет екенін, оған жету үшін бірқатар шаралар қабылданып жатқанын атап өтті.

«”Таза парақтан реттеу” шеңберінде салықтық тексеруді белгілеу кезінде Тәуекелдерді басқару жүйесінің өлшемшарттары қайта қаралды. Енді олар нақты іріктеу әдісімен жүргізіледі. Салықтық тексерулер саны 2022 жылмен салыстырғанда 16%-ға төмендеген кезде салықтарды өндіріп алу екі есеге ұлғайды», — деді М. Тәкиев.

ҚҚС бойынша жалпы берешектің жартысы экспорттаушыларға бір ай ішінде қайтарылды — Қаржы министрлігі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын іске асыру мақсатында биылғы жылдың наурыз айында қосылған құн салығын қайтару рәсімдері қайта қаралды.

Салықтық талдау жүргізу тәсілдерінің өзгеруін және бұзушылықтарды пысықтауды ескере отырып, қосылған құн салығын қайтаруды растау үлесі ұлғаяды деп күтілуде. Сондай-ақ мамандар осы шараның жеделдігін қамтамасыз ететін талдамалық жүйені әзірлеуде.

«Бұл отандық тауар өндірушілерге айтарлықтай қолдау болмақ. Соңғы екі айда біз экспорттаушыларға қосылған құн салығын қайтару бойынша жалпы берешектің жартысына жуығын бюджеттен қайтардық. Бұл жұмыс жалғасады», — деді Мәди Тәкиев.

Қазақстанда бизнес үшін жаңа бірыңғай цифрлық жүйе құрылады

Үкімет салықтық және кедендік әкімшілендіруді цифрлық трансформациялау бойынша ауқымды жұмыс жүргізуде.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елімізде Мемлекеттік кірістер комитетінің барлық ақпараттық жүйелеріне тәуелсіз IT-аудит жүргізу басталды. Оның нәтижелері бойынша жаңа ақпараттық архитектура қалыптасады.

Сондай-ақ биыл салық және кедендік ақпараттық жүйелерді интеграциялау аяқталады. 14 жүйенің орнына тек 5 жүйе жұмыс істейді.

«Біз түбегейлі жаңа бірыңғай цифрлық жүйені әзірлеп жатырмыз. Ол өмірлік циклдің барлық кезеңдерінде бизнесті сүймелдеудің сервистік моделіне айналады және кәсіпкерлерге түсетін әкімшілік жүктемені айтарлықтай азайтады», — деді қаржы министрі.

 Әзірленіп жатқан Жаңа Салық кодексі бәріне түсінікті болуы керек — Олжас Бектенов

«Үкімет алдында салықтық және кедендік әкімшілендірудің тиімділігін арттыру бағытында маңызды міндет тұр. Осы мақсатқа жетудің ең оңтайлы жолы – барлық процесті барынша цифрландыру. Жаңа Салық кодексі әзірленіп жатыр. Оған қойылатын талап өте қатаң. Бұған дейін ұсынылған тәсілдерге қатысты орынды сын айтылған болатын. Бизнес пен қоғам бұл құжаттан оң өзгерістер күтуде. Ең бастысы, ол ашық, бәріне түсінікті және үйлесімді болуы керек. Алайда Кодексті әзірлеу созылып барады. 

– Бұл жұмысты жедел аяқтауды тапсырамын.

Жаңа кодексте азаматтардың мемлекеттік кірістер органдарының жұмысы мен әрекетсіздігіне, қосылған құн салығын қайтаруды кешіктіруге, мәмілелерді жарамсыз деп тануға және т. б. мәселелерге қатысты арыз-шағымдарын ескеру керек. Әкімшілендірудің сервистік моделіне назар аудару қажет».

Жыл соңына дейін салықтық және кедендік ақпараттық жүйелерді интеграциялау жұмыстары аяқталады

«Кедендік төлемдер мен салықтардың бюджетке толық төленуін қамтамасыз ету стратегиялық тұрғыдан аса маңызды. Салықтық және кедендік әкімшілендіру процестерін толығымен цифрландыру керек. Бұл әкімшілендіруді жеңілдетеді, салық базасын кеңейтеді.

– Мемлекеттік кірістер органдары қызметкерлерінің салық төлеушілермен және сыртқы экономикалық қызметке қатысушылармен тікелей өзара іс-әрекет жасауына барынша жол бермеуді тапсырамын.

  Қайтарылған қосылған құн салығының сомасын бизнес өз кәсібін жаңғыртуға және кеңейтуге қайта инвестициялауды көздейтін тетіктерді пысықтауды тапсырамын. 

– Жыл соңына дейін жаңа ақпараттық архитектураны қалыптастыруды тапсырамын (техникалық ақауларға қатысты шағымдар бар).

БӨЛІСУ