Биылғы жылы Наурыз мейрамын тойлаудың жаңа тұжырымдамасына сәйкес белгіленген 15 наурыз – қайырымдылық күнінде Сыр мешіттері 514 отбасыны қуантты.

Нақтырақ айтар болсақ, ҚМДБ “Зекет және қайырымдылық” қоры, Қызылорда облысы бойынша өкілдігінің ұйымдастыруымен “Ақмешіт-Сырдария” орталық мешітінде мүмкіндігі шектеулі және тұрмысы төмен 100 отбасыға “Рамазан қоржыны” таратылса, Арал аудандық орталық мешітінде 69, Қармақшы аудандық “Қармақшы ата” мешітінде 50, Шиелі аудандық орталық мешітте 40, Жаңақорған аудандық орталық мешітте 40 жанұяға көмек көрсетілді. Сонымен қатар Қазалы аудандық “Жанқожа батыр” мешіті мен жергілікті әкімдік бірлесіп 200 отбасыға 50 кг ұннан үлестірсе, Жалағаш аудандық “Иманқұл” мешіті 15 отбасыға азық-түлік қоржынын, 100 адамға су мен құрма таратты.

Қасиетті Рамазан айымен қатар келген ұлттық мерекенің құрметіне өткізілген қайырымдылық шаралары берекелі ай бойына толығымен жалғасатын болады.

Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мерекесі аясында «Наурызнама» онкүндігінің екінші күні қайырымдылық шараларымен жалғасты. Бүгін аудандық «Қармақшы ата» мешіті алаңында «Наурыз мейірімі» атты қайырымдылық акциясы ұйымдастырылды.

Игі шараға аудан әкімінің орынбасары Самат Смағұлов, аудандық мәслихат төрағасы Әділ Қошалақов, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Әбдірахман Құлдүйсенов және «Қармақшы ата» мешітінің бас имамы Рахат Қожанов қатысып, ізгі тілектерін білдірді. Акция барысында әлеуметтік қолдауды қажет ететін 50 отбасыға азық-түлік қоржындары таратылды.

Акция ауданның барлық елді мекендерінде жалғасын табуда. Жоспар бойынша қосымша 100 отбасыға азық-түлік қоржындары таратылуда.

БӨЛІСУ