Елімізде 2021 жылдан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Аңсаған сәби» арнаулы бағдарламасы іске қосылды. Жоба қосалқы репродуктивті технологиялардың көмегімен отбасылық-демографиялық проблемаларды шешуге жәрдемедесуді мақсат еткен. Биыл облыста аталмыш бағдарлама бойынша мұқтаж отбасыларға 270 квота бөлінді. Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Қызылорда облысының денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жаныл Абубакирова өңірде «Аңсаған сәби» жобасының жүзеге асырылуы туралы сөз етті.

– «Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасы бедеулік диагнозы қойылған пациенттерге арналған. Аталмыш жоба аясында өңірде 2015 жылы 34 квота бөлінсе, бүгінде оның саны 8 есеге артқан. 2023 жылы 274 квота бөлініп, өткен жылдың желтоқсан айына дейін толық игерілді. Оның ішінде 136 жүктілік тіркеліп, 32 жағдай түсікпен аяқталған. Өткен жылы экстракорпоральды ұрықтандыру арқылы 86 бала дүниеге келсе, 1 отбасында егіз сәби туған. Бүгінде 51 әйел жүктілік кезеңін өткізуде. Ал, 2024 жылға «Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша 270 квота бөлініп, қазіргі таңда 76 әйел жолданды. Облыс бойынша ұрпақ өрбіту жасындағы әйелдердің саны 174 931-ді құрап отыр. Айта кетейін, аймақта 6 320 бедеу отбасы бар. Бүгінгі күні 750 отбасы квота кезегін күтуде. Кезекте тұрған отбасылардың барлығы өңірлік комиссия арқылы қаралып, қолданыстағы бұйрықтарға сәйкес жолданады. Бағдарлама шеңберінде жүргізілген экстракорпоральды ұрықтандыру циклдеріне мониторинг жүргізу, пациенттердің құжаттарын қабылдау және құрылған комиссияға ұсыну жұмыстары басқарма тарапынан жүргізіледі, – деді Жаңыл Исақызы.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке 2021 жылдан бастап «Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасын іске қосуды тапсырған болатын. Осы орайда, экстракорпоральды ұрықтандыруға бөлінетін квотаның саны 7 мыңға дейін артқан. Осылайша, мыңдаған отбасы бала сүю бақытына ие болуда. Бүгінгі күнге дейін еліміздегі демографиялық ахуалды жақсарту мақсатында «Аңсаған сәби» арнаулы бағдарламасы бойынша бірқатар игі істер жалғасын табуда. Жалпы аталмыш бағдарлама мақсаты – қосалқы репродуктивті технологиялардың көмегімен отбасылық-демографиялық мәселелерді шешуге жәрдемдесу. Осы орайда «Экстракорпоральды ұрықтандыру» бағдарламасымен өткен жылы квота саны 7 мыңға дейін көбейтілді.

Бағдарламаға кімдер қатыса алады?
“Аңсаған сәби” бағдарламасы бедеулік диагнозы қойылған пациенттерге арналған. Оған отбасылық жұптар да, жеке адамдар да қатыса алады. Қазақстанның азаматы болуға тиіс және денсаулық сақтау министрлігі белгілеген медициналық талаптарға сәйкес келуі керек. Сондай-ақ, бағдарламаға қатысатын адам міндетті түрде ерікті түрде жазбаша келісім береді. Олар:

–       репродуктивті жас – 18-ден 49 жасқа дейін;

–         қалыпты соматикалық және эндокриндік көрсеткіштер;

–         жоғары фолликулярлық резерв.

Алайда мамандар үміткерді медициналық тексерістен өткізгеннен кейін экстракорпоральды ұрықтандырудан бас тартуы да мүмкін. Ондай бірнеше мәселе ескеріледі.

–         жатырдың туа біткен немесе жүре біткен ауытқулары;

–         соматикалық және психикалық бұзылулар;

–         аналық без ісіктері, жедел қабыну және кез-келген локализация онкологиясы;

– денедегі қатерлі өскіндер;

ЭКО-ға жолдама қалай беріледі

“Аңсаған сәби” бағдарламасы аясында ЭКО-ға жолдама алу үшін алдымен тіркелген жері бойынша емханаға бару міндетті. Сол жерде үміткерді бедеулігі бар диспансерлік пациенттердің электрондық тізіміне қосады. Одан кейін тексерістен өтеді. 12 айдың ішінде емхана бейінді маманның қорытындысы негізінде пациенттің құжаттарын жоғары технологиялық медициналық қызметтер жөніндегі жергілікті комиссияға жібереді. Комиссия оң шешім шығарған жағдайда әйелді “Емдеуге жатқызу бюросы” порталына тіркеп, емшараға дайындық басталады. Пациент экстракорпоралды ұрықтандыру клиникасын өзі таңдайды. “Аңсаған сәби” бағдарламасы бойынша экстракорпоральды ұрықтандыру процедурасы жылына бір рет тегін жасалады.

БӨЛІСУ