16 наурыз күні облыстық білім саласы ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен «Ой-қазына» алаңында ұлағатты ұстаз, КСРО және Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақстан Ұлттық педагогика ғылымдары академиясының құрметті академигі, профессор Қанипа Бітібаева жайында «Қазақтың Қанипасы» кітабы талқыланды. Нақтырақ айтсақ, еңбек төңірегінде пікірсайысжәне көркем әдеби шығармаларды талдау арқылы тәрбие тағылымдарын түйіндеу, ой қорыту, ұлттық құндылықтарымызды түсіндіру әдістемелерін дамыту мақсатында ардагер ұстаздар мен жас мамандар арасында тәжірибе алмасу өтті.
Байқау қорытындысы бойынша ардагер ұстаз тәжірибесінен бөлімі бойынша ауданымыздан қатысқан ардагер ұстаз Ысқақ Айжахан «Алғыс хат» иеленді. Сонымен бірге «Қазақтың Қанипасы» бөлімі бойынша №93 мектептің қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі Рахмет Райса ІІІ орын иеленсе, «Қ.Бітібаеваның оқыту технологиясы менің ізденісімде» бөлімі бойынша №170 мектептің қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі Жарылқапова Сания ІІ орын иеленді.
Қанипа Омарғалиқызының педагогикалық еңбек өтілі – ХХ ғасырдың 1968-90 жылдары мен қазіргі ХХІ ғасырдың осы өзіміз өмір сүріп отырған кезеңді қамтиды. 1968 жылы Семей қаласындағы Н.К.Крупская атындағы педагогикалық институттың «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бөлімін үздік дипломмен бітіріп, өмір бойы ұлтымыздың тілі мен әдебиетін оқытумен айналысты. Қазіргі Тәуелсіз Қазақстанның әлем өркениеті деңгейіндегі үздік ұстазы боп танылған оның еңбек көрсеткіштері педагогикалық мамандық иелері үшін озық инновациялық-технологиялық үздік бағдарлы сипатымен маңызды болып отыр. Ол – республикалық ғылыми-әдістемелік Бітібаеваның атаулы мектебінің және зертханасының жетекшісі. Қанипа ұстаз ұлттық сөз өнері ұлағатын орта мектептегі қазақ тілі мен әдебиеті пәндерін оқытудағы оқу-әдістемелік шеберлігімен жүзеге асырды. Оның пәндері бойынша тек ғана озық үлгірім көрсеткіштерімен білім алған шәкірттері фольклор мұралары мен әдебиет туындыларының көркемдік-эстетикалық дүниетанымды тереңдететін тағылымын меңгерді. Қазақ тілі мен әдебиеті пәндерін оқытуда – өзіндік жаңашыл ізденістерімен, шәкірттердің қабылдау психологиясына айрықша ықпал жасаған инновациялық-әдістемелік жаңашылдығымен оқыту мен тәрбиелеуде үздік нәтижелерге қол жеткізді.