Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасы алаңында Өңірлік кеңестің кезекті отырысы өтті.

Кеңес төрағасы Ерлан Раимов төрағалық еткен жиында Қызылорда облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Еркін Елшібеков «Қазақстандағы жалпыға бірдей декларациялау туралы түсіндірме жұмыстары және ҚР Салық заңнамасына енгізілген өзгерістер туралы»баяндап, бірқатар сұрақтарға жауап берді.

Еркін Елшібеков жалпыға бірдей декларациялауға қатысты ақпараттың жан-жақты таратылуына қарамастан, әлі де көп адамның оны тапсыру жолдарынан хабарсыз екендігін және департамент әрқашан осы мәселеге қатысты түсіндірме жұмыстарын жүргізуге даяр екендігін жеткізді.

Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Дінмұхамед Абсаттаров «Облыс аумағында іске асырылып жатқан инвестициялық жобалар мен проблемалық мәселелер және оларды шешу жолдары» жайында айтып, бірқатар сұрақтарға жауап берді.

Инвестициялар тартуда атқарылып жатқан жұмыстар бойынша «KAZAKH INVEST» ұлттық компаниясы» АҚ-ның өңірлік директоры Мұрат Балабаев айтып берді. Сыр өңірінің брендіне айналған – күріш шаруашылығы саласында инвестиция тарту мәселесіне келгенде, Өңірлік кеңес мүшесі, «Ақтөбе және К» ЖШС директоры Нұрлан Іздібаев аймағымыздағы «Күріш ғылми зертеу институтын мемлекет меншігіне беру» туралы ұсынысын білдірді.

Күн тәртібіндегі келесі мәселе жаңа бизнес идеяларды іске асыруға арналған грант алуға үміткерлердің өтініштерін қарастыру жөніндегі комиссия бойынша Қызылорда қаласы деңгейіндегі комиссия құрамына енгізу үшін бизнес қауымдастығынан 1 мүше ұсыну бойынша Өңірлік кеңес мүшесі, Жаңақорған аудандық кеңес төрағасы Аблан Асеновтың кандидатурасы ұсынылып, кеңес мүшелері тарапынан бір ауыздан қолдау тапты.

Жиын барысында айтылған ұсыныстар хаттамаланып, алдағы уақытта іске асырылу мақсатында жұмыстар жасалатын болады.

БӨЛІСУ