Бүгін аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбет Майлыбас ауылдық округіне қарасты Ақсуат ауылы мен Байқожа елді мекеніне барып, ондағы әлеуметтік нысандармен танысты.

Алдымен Ақсуат ауылындағы ауылдық клубта тұрғындарымен кездесіп, ауданда атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар жайында бөлісті. Сондай-ақ тұрғындармен пікірлесіп, олардың талап-тілектерін тыңдады.

Мұнан соң, ауылдағы әкімшілік ғимараты, 90 орындық балабақша, №100 орта мектеп ғимараты, дәрігерлік амбулатория мен орталық саябақты көрді. Әлеуметтік нысандардың жай-күйіне қанық болған Мейрамбек Зинабдинұлы ауыл әкіміне ең алдымен ауылды көркейту-көгалдандыру жұмыстарына ден қойып, тұрғындармен бірлесе отыра тазалық жұмыстарын ұдайы жүргізуді тапсырды.

Мұнан соң аудан әкімі Байқожа елді мекеніндегі №258 негізгі мектептіңде жай-күйін көрді. Білім ордасында елді мекен тұрғындарымен кездесіп, олардың ұсыныстарын тыңдады. Байқожалық тұрғындар аудан басшысына ауыз судың шектеулі уақытпен ғана берілетінін айтып, осы мәселені шешіп беруін сұрады. Аудан әкімі Байқожа елді мекенінде локалдық су құбырын қайта жаңғырту жұмыстары былтыр басталғандығын айтып, биыл станция тұрғындарына сервистік жүйемен ауыз су кіргізілетіндігін жеткізді.

Жалпы ауданның инженерлік-инфрақұрылымын дамыту мәселесі басты назарда. Себебі, жер кезегінде тұрған тұрғындардың саны жылдан жылға артып келеді. Тұрғын үй кезектілігін азайту мақсатында былтыр Ғ.Мұратбаев ауылынан жаңадан ашылған аймақта салынатын тұрғын үйлерді ауыз су, газ және электрменжабдықтау үшін 310,483 млн. теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары жүрді. Сонымен қатар Әйтеке би кентіндегі көлемі 180 гектар жер учаскесіндегі тұрғын үйлерге сервистік ауыз су желісін жүргізуге 109,4 млн. теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары аяқталу үстінде. Өткен жылы аудан орталығы – Әйтеке би кентіндегі 4 көп қабатты тұрғын үй күрделі жөндеуден өтіп, пайдалануға берілді. Бұдан бөлек, биыл аудандық бюджеттен тағы 3 тұрғын үй жөнделді. Демеушілік есебінен 5 қабатты көппәтерлі тұрғын үйдің шатыры жабылды. Сондай-ақ, осы жылы Әйтеке би кентінің вокзал маңы және Жеңіс саябағын абаттандырудың жоба сметалық құжаттарын қолға алу жұмыстары басталып кетті.

Жергілікті бюджеттен бөлінген 32,1 млн. теңгеге аудан орталығы – Әйтеке би кентінен көлемі 600 гектар жер учаскесінен салынатын тұрғын үйлерді (электр және ауыз сумен жабдықтау) инженерлік-инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жобасы әзірленіп, тиісті орталық атқарушы органдарға қаржыландыруға ұсынылды. Бұдан бөлек, Абай, Бозкөл, Жанкент, Жалаңтөс батыр ауылдарын электрмен жабдықтау, Қазалы қаласындағы 180 гектар жер учаскесіндегі тұрғын үйлерге сервистік ауыз су желісінің құрылысы тиісті орындарға жіберілді. Сонымен қатар Шәкен, Шилі, Шитүбек және Сарыбұлақ елді мекендерін ауыз сумен жабдықтау үшін де тиісті қаржылар бөлініп, жобалары әзірленді. Ал 2024 жылы Ажар,Жұбан, Бірлік елді мекендерінде су тұшыту қондырғысын сатып алып, орнату жұмыстары бар. Өткен жылы аудан бойынша электр желілерінің тозу деңгейі 73 пайызға төмендеді. Бұл көрсеткішті әрі қарай төмендету жоспарлануда. 2023 жылы Әйтеке би кентінің электр желілерін қайта жаңғырту жұмыстарын бастауға Ұлттық қор есебінен 187,7 млн тг бөлініп, жоспарланған жұмыстар толық атқарылды.Мұндай жұмыстар 2024 жылы да жалғасын таппақ. Мәселен, Қазалы қаласы, Әйтеке би кенті мен Қожабақы және Байқожа ауылдарының электр желілерін қайта жаңғырту жұмыстарын қаржыландыру жобалары қолдау тапты. Қазіргі таңда Байқожа топтық су құбырының жұмысы жүріп жатыр. Жоба жұмысы толық аяқталатын болса 62 шақырым магистральдық су құбыры жүргізіліп, Әйтеке би кентіне тәулігіне 4500 текше метр ауыз су жеткізіліп, су тапшылығы мәселесі оң шешімін табатын болады. Сонымен қатар, магистральдық құбыр бойында орналасқан 8 елді мекен, яғни, Ақсуат, Майлыбас, Қызыләскер, Көбек, Ойынды, Алтай, Байқожа, Еңбекшіқазақ ауылдары сапалы ауыз сумен қамтылатын болады.

БӨЛІСУ