Қалалық мәслихаттың наурыз айындағы сессия отырысында «Қызылорда қаласы мен ауылдық елді мекендерде бұқаралық спортты дамыту және қолдау туралы» мәселесі қаралады.

13 наурыз күні аталған мәселені алдын-ала зерделеу мақсатында құрылған уақытша комиссия жұмысының аясында депутаттар бірқатар спорт нысандарының жай-күйімен танысып, күн тәртібіндегі мәселені алдын-ала зерделеу мақсатында құрылған уақытша комиссия отырысы өткізілді.

Комиссия жұмысына қалалық мәслихат төрағасы И.Құттықожаев жетекшілік етті.

Депуттар назарындағы нысан Қызылорда қаласының мәдениет және спорт бөліміне қарасты Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы спорт клубында спорттың 13 түрінен (еркін күрес, дзюдо, таеквандо, қоян-қолтық ұрыс, джиу-джитсу, каратэ-до, бокс, панкратион, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, президенттік көпсайыс, футбол) үйірмелер ұйымдастырылып, 1396 жасөспірімдер мен қала тұрғындары шұғылданып келеді.

Кездесу барысында спорт клубының жетекшісі палуан, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Ж.Бозова клубтың жетістіктерін атап өтіп, шешімін табуды қажет ететін мәселелерді ортаға салды. Басты мәселенің бірі – қалалық деңгейде дербес спорт ғимараты қажет.
Қажымұқан спорт клубының ғимараты көп қабатты үйдің астыңғы қабатында орналасқандықтан жылу мәселесіне қатысты тұрғындармен келіспеушіліктер орын алып тұрады. Бұл мәселені жою үшін аталған ғимаратқа жылу элеваторын және жылу есептеуіш құралын орнату жылу шығындарын азайтады дейді мамандар.
Сонымен қатар, спортшылардың республикалық, халықаралық жарыстарға шығуын қаржыландыру мәселесі де назар аударуды қажет етеді.

Депутаттар тоқтаған келесі нысан, Абай даңғылындағы №47 А, Б, В көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларында орналасқан ашық спорт-ойын алаңы болды. Аталған нысанды өткен жылы «Қыран» компаниясы демеушілік есебінен абаттандыру жұмыстарын жүргізіп, аулаішілік жолдарын асфальттап, балалар ойын алаңын салып, сәулеттік құрылғылар орнатқан. Ендігі кезекті аталған нысанды күтіп ұстап, қалалық мәдениет және спорт бөлімінің спорт нұсқаушыларын бекіте отырып, тұрғындардың спортпен шұғылдануына қолайлы жағдай жасау қажеттігі көтерілді.

Сонымен қатар, 2019 жылдан осы кезеңге дейін «Тарлан» спорт кешенінде Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы спорт клубының пара пауэрлифтинг бөлімшесі мүгедектігі бар жандарды қолдау мақсатында тегін жаттығу жұмыстарын жүргізіп келген. 2023 жылдың желтоқсан айынан бастап «Тарлан» спорт кешенінде туындаған қаржылық қиындықтарын ескерте отырып, биылғы жылдан бастап, мүгедектігі бар азаматтардың жаттығу залы ақылы негізге өтетіні белгілі болуда. Көптеген ел абыройын қорғаған спортшылардың жаттығатын орын мәселесі алдағы уақытта шешімін табуды және жаттығу залына заманауи спорттық құрал жабдықтар қажет етілуде.
Депутаттық аралау жұмысы, қалалық мәслихатта уақытша комиссия отырысына жалғасып, спорт саласының өзекті мәселелері ортаға салынды.
Комиссия отырысы барысында қалалық мәслихат төрағасы И.Құттықожаев тұрғындармен бірлесіп, ашық спорт ойын алаңдарын салуды «Халық қатысатын бюджет жобасы» енгізу, елді мекендерде, спорт түрлерінен шыққан жеңімпаздарды насихаттау, қала көлемінде жұмыс жасайтын спорт нұсқаушыларының жыл көлемінде үздіксіз қызмет атқаруы үшін, қаржылық мәселелерін түбегейлі шешуді ұсынды.

Өз кезегінде қалалық мәдениет және спорт бөлімінің басшысы Ж.Тажмаханов өзекті мәселелерді шешу бағытында атқарылып отырған жұмыстарды ортаға салды.

Комиссия жұмысына облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы мен облыстық спорт мектептері мен қалада орналасқан жеке спорт нысандарының жауапты өкілдері, қаладағы колледждер мен кәсіптік мектептер өкілдері, қалалық дербес бөлім басшылары мен кент және ауылдық округ әкімдері қатысты.
Мәжілісте көтерілген ұсыныстар мен пікірлер биылғы жылдың наурыздың соңғы онкүндігінде өтетін қалалық мәслихаттың кезекті сессиясына шығарылатын болады.

БӨЛІСУ