«Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамының қолдауымен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін арзан бағамен сататын «Үй жанындағы дүкендер» ашылуда.

Үй жанындағы дүкендер – бұл тауарларды бөлшек саудада өткізуге арналған арнайы әлеуметтік бұрыштар. Сауда бұрыштарын ашудағы басты мақсат – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ете отырып, тұрақтандыру қорындағы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын (ӘМАТ) төмендетілген бағамен халыққа тиімді түрде ұсыну болып табылады.

Бүгінде қаламызда 14 үй жанындағы дүкенде арнайы сауда бұрыштары ашылып, онда келісімшарт негізінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары орташа нарықтағы бағадан 10%-15%-ға төмен бағада сатылуда.

Үй жанындағы дүкендерде ашылған әлеуметтік бұрыштар бүгінде халыққа қолжетімді сипаттағы сауда алаңына айналып отыр. Тұжырымдамаға сәйкес, сауда дүкенінің тұтынушылары жақын маңдағы тұрғындар болмақ. Әлеуметтік бұрыш сөресінен күнделікті тұрмысқа қажетті әлеуметтік маңызы бар 19 түрлі азық-түлік өнімдерін белгіленген төмен бағада алуға мүмкіндік бар, – деді Басқарма төрағасының орынбасары Асхат Жорабекұлы.

Өткен жылы «Байқоңыр» ӘКК» АҚ Қызылорда қаласының және үш ауданның кәсіпкерлеріне 1 млрд 608 млн қарыз берген. Ал биыл қаңтарда«Байқоңыр» корпорациясы мен «РЗА-сүт» ЖШС арасында миллиардтаған теңгеге қарыз шарты жасалды. Қарыз шарты негізінде жергілікті тауар өндіруші «РЗА-СҮТ» ЖШС 171 тонна пастерленген сүт (2,5%), 171 тонна айран (2,5%), 17 тонна сары май, 17 тонна сүзбені 2024 жылдың аяғына дейін қаламыздағы 35 әлеуметтік дүкен мен 10 ірі сауда үйіндегі әлеуметтік бұрыштарға жеткізеді. Тұрғындарға 2,5% сүт – 360 теңгеден, 2,5% айран – 420 теңгеден және 5-9% сүзбе – 1760 теңгеден, ал 82,5% сары май 3550 теңгеден сатылады.

«Корпорацияда 37 әлеуметтік дүкен бар. Оның екеуі жеке кәсіпкерлерге сиыр етін белгіленген бағада сату үшін берілген. Қалған 35 дүкен кәсіпкерлік нысандарына өтеусіз пайдалануға беріліп отыр. Қызылорда қаласынан наубайхана иелеріне тұрақтандыру қорынан бірінші сортты бидай ұны 128 теңгеден беріліп, наубайханадан 1 бөлке нанның берілу бағасы 85 теңгеден сатылуы жөнінде келісім жасалып, хаттама жасалды. Тұрақтандыру қорының өнімдері тұрғындарға тиімді бағада ұсынылады», – дейді «Байқоңыр» ӘКК» АҚ басшысы Ғ.Әбілтай.

Айта кетейік, өз дүкендеріңізде әлеуметтік бұрыштарды ашу үшін бүгінде өтінім беру қабылдануда. Өтінімді 8 (701) 672-19-71, 8 (701) 222-44-49 (Whats’App) байланыс нөмірі арқылы немес әлеуметтік желілеріміздегі жеке мессенджерлер арқылы қалдыруға болады.

БӨЛІСУ