Бүгін қаламыздан бой көтерген тағы бір әсем ғимаратта орналасқан «ЖанЗере» ЖШС жұмысының таныстырылымы өтті.

Жақында жаңа ғимаратқа көшіп, өсіп жатқан мекеменің таныстырылымына қолдау білдіру үшін өңірлік Атамекен кәсіпкерлер палатасының директоры Пірмұхаммед Сыздық, палата қызметкерлері, мұнай және құрылыс компанияларының өкілдері қатысып, құттықтау-тілектерін жеткізді.

2010 жылы кішкене ғана тігін цехы болып құрылған мекеме қазіргі таңда 35 адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтып отыған арнайы кәсіби киім мен аяқ киім өндірісімен айналысатын кәсіпорынға айналған. Бүгінгі күні «ЖанЗере» ЖШС ірі мұнай және құрылыс компанияларымен жұмыс жасап, еліміздің барлық өңірлерімен серіктестік қатынас орнатқан. Екі қабаттан тұратын ғимараттың 1-ші қабаты киімдер мен аяқ-киімдер сөрелерінен тұрса, екінші қабатта тігін цехы орналасқан.

Айта кетерлік жайт, кәсіби киімдердің біршамасы қазақи нақыштағы оюлармен өрнектелген және дизайнерлік оюмен безендіруді мекеме басшылығы алдағы уақытта мықтап қолға алмақ.

«ЖанЗере» ЖШС ұжымына ел игілігі жолында жасап жатқан кәсіптеріңіз берекелі болсын дейміз!

БӨЛІСУ