Қызылорда облыстық кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңес төрағасы Ерлан Раимов, палата директоры Пірмұхаммед Сыздық және облыстық кәсіпкерлердің құқығын қорғау кеңесінің төрағасы Болат Нұрхожаев мемлекеттік мекеме, құзырлы орган, микрокредиттік ұйым өкілдерімен бірлескен жұмысшы тобын құрып, аудандардағы кәсіпкерлерімен кездесуін жалғастыруда. Кеше делегация Қазалы ауданының кәсіпкерлерімен кездесті.
Бірінші кезекте палата өкілдері Қазалы ауданына жуырда тағайындалған аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбетпен кездесіп, жаңа қызметімен құттықтады. Сонымен қатар, кездесу барысында Палатаның мақсат-міндеттері айқындалды. Аудан басшысы өз кезегінде кәсіпкерлік бағытына әрқашан қолдау болатындығын айтып, барша облыстық делегация мүшесіне сәттілік тіледі.
Аудандық бизнес өкілдеріне арналған жиынды аудан әкімінің орынбасары Күнтілес Назымбеков жүргізіп, кәсіпкерлік саласындағы ауданның өзіндік ерекшеліктеріне тоқталды. Палата өкілдері өз жұмыстарымен таныстыру аясында бүгінгі күнге дейін республикалық деңгейде шешілген мәселелерге тоқталып өтті.
“Қызылорда облыстық Атамекен кәсіпкерлер палатасы Ұлттық кәсіпкерлік палатасының қолдауымен бүгінгі күні кәсіпкерлерге қолайлы орта қалыптастыру үшін бар мүмкіндікті жасап келеді. Сіздер олардың барлығын біле бермеулеріңіз мүмкін, дегенмен палатаға ұсыныспен, шағыммен келген әр кәсіп иесінің мәселесі біз үшін аса маңызды. Палата аясында тұрақты түрде мемлекеттік және құзырлы орган өкілдерімен өтетін жиындар бос сөз емес. Оған дәлел біздің қатысуымызбен оң шешімін тапқан мәселелер. Мысалыға алар болсақ, былтыр қосымша құн салығы (НДС) 2024 жылдан бастап 16 пайызға артатынын естіген облыс кәсіпкерлері бұл жағдайға үлкен алаңдатушылық білдіріп Палатаға жүгінді. Еліміздің барлық аймағынан палата өкілдері жоғарғы кеңесте осы мәселені көтеріп, нәтижесінде жуырда үкімет басшысы қосымша құн салығының көтерілмейтіндігін айтып, сүйіншіледі. Сонымен қатар, өңірде бөлшек салық мөлшерлемесін 2%-ғадейін төмендету мәселесі де оң шешімін тапты, айта кету керек бұндай жетістікке еліміз бойынша тек Қарағанды және Қызылорда облыстары ғана қол жеткізді. Тізе берсең көп-ақ, айтқым келгені кәсіппен айналысамын деген адамға бүгінгі күні мүмкіндік өте көп, ал Палата бизнес өкілдерінің қордаланған мәселесін шешу жолында аянбай еңбек етіп келеді” – деді Ерлан Раимов.
Сондай-ақ халық арасында мемлекеттік қолдау шаралары туралы кеңінен түсіндірме жұмыстарын жүргізуге келген арнайы делегация аймақ көлемінде кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстар мен кәсіп бастау тәсілдерін және оның оңтайландырылған жолдарымен таныстырды. Аудан прокуроры Дарын Әбіш өз кезегінде кәсіпкерлерге мемлекеттік орган немесе қандай да ұйым тарапынан қысым көрсетілген жағдайда аудандық прокуратура әрқашан кәсіпкерлерді қорғауға даярлығын жеткізді.
Жиын қорытындысында аудан кәсіпкерлері өз мәселелеріне қатысты тиісті мамандарға сұрақтарын қойып, ұсыныстарын білдірді. Қазалы аудандық кәсіпкерлермен көп көтерілген мәселе егін және мал шаруашылығы болды. Мамандар тарапынан кәсіпкерлерге тиісті жауап беріліп, ұзақ мерзімді мәселелер палата қарауына өтті. Алдағы уақытта ұсыныстар Палата кеңестерінде талқыланып, мәселелердің шешілуі бағытында жұмыстар атқарылатын болады.
Іссапар барысында жұмысшы топ Қазалы ауданының кәсіпкерлік нысандарының жұмысымен танысты. Соның бірі ағаш өңдеп, жиһаз жасаумен айналысатын “Қазалы ағаш бұйымдары” мекемесі. Ағаш бұйымдарын жасаумен айналысып отырған жас кәсіпкерлер қазіргі таңда өз кәсібін дөңгелетіп, болашаққа биік мақсат қойып отыр. Ендеше, барша кәсіпкерлеріміздің ісі алға басып, экономикамыздың дамына өз үлестерін қоса берсін. Ал, Атамекен палатасы оларға бұл межеге жетуде қолдау білдіруге әрқашан дайын.