Бүгін облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Искаков Олжас Ермекұлы медицина саласының ардагері Көзденова Раиса Әбдешқызына облыс әкімі Нәлібаев Нұрлыбек Машбекұлының “Құттықтау хатын” табыстады.

Облыс әкімінiң Құттықтау хатында:
“Құрметті Раиса Әбдешқызы!
Сiздi туған күнiңiзбен шын жүректен құттықтаймын!
Адам өмірін ұзартуға септігін тигізіп, ажалдан арашалаушы дәрігер мамандығын халқымыз ежелден қастерлеп, құрметтеген. Бүгінгi таңда қазақстандықтардың денсаулығын жақсарту – елiмiздiң мемлекеттік саясатының басым бағыттарының бірі екені сөзсіз.
Осы ретте Сiз елiмiздiң медицинасының қарыштап дамуына, оның ішінде балаларды емдеу саласына ерекше еңбек сіңірдіңiз. Халық денсаулығын сақтауда бар ынта-жiгерiңiзбен еселі еңбек етіп, ел сүйіспеншілігіне бөлендiңiз.
Осы бағытта шәкірт тәрбиелеп, қанат қақтыру жолында Қызылорда медициналық колледжін ұзақ жылдар уақыт басқарып, жас буынның жетiлуiне, өмiрде өз орнын тауып кiрпiш болып қалануына зор үлес қостыңыз.
“Қызылорда қаласының құрметті азаматы”, “Еңбек Қызыл Ту”, “Құрмет” ордендерінiң иегерi, “Денсаулық сақтау iсiнiң үздігi”, “Ыбырай Алтынсарин” медальдарының берiлгенi – нәтижелi еңбегіңіздiң дәлелi деп білемін.
Сiздiң адамгершілік қасиетіңіздің, жоғары санатты біліктілігіңіздің, еңбекқорлығыңыз кейінгi жастарға үлгі, өнеге.
Бүгінгідей мерейлі сәтте деніңізге саулық, отбасыңызға амандық, әулетiңiзге бақ-береке тiлеймiн”, – делінген.

БӨЛІСУ