Қазіргі таңда елімізде балалардың жаппай қызылша індетін жұқтыруы жоғарылап, эпидемиологиялық ахуал күрделене түсті. Осыған орай, әр өңірде шұғыл шаралар қолға алынып, қосымша жаппай иммундау науқаны қызу жүруде. Оның ішінде Қызылорда қаласы бойынша барлық егілуге жатқызылған балалардың саны – 30 347-ні құрады. Ал, иммундау басталғалы бері 1 965 балаға вакцина егілді.

​Ахуалға байланысты қала әкімі Асылбек Шаменов жедел жиын өткізіп, денсаулық сақтау саласына қарасты мекемелер мен барлық емхананың бас дәрігерлеріне және қалалық білім бөлімінің басшысына екпе егу жұмыстарын тиісті контингенттерге толық және сапалы ұйымдастыруды тапсырды.

​Бүгінде қала бойынша қызылшаға қарсы вакцина қоры жеткілікті. Ендігі кезекте ата-аналар балаларын қызылшаға қарсы жүргізілетін екпе шараларына түсіністікпен қарағаны жөн.

Қызылша – ауа тамшылары арқылы берілетін қауіпті инфекциялық ауру. Бұл инфекциямен ауыратындардың көпшілігі балалар, олардың көпшілігі қызылшаға қарсы профилактикалық егуді уақтылы алмаған.

Қазақстанда қызылшамен қолайсыз эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру үшін 1 қарашадан бастап тұрғылықты жері бойынша емханаларда қосымша жаппай иммундау басталды. Қызылша неге қауіпті, қазір кім вакцинациялау ала алады, аурудың алғашқы белгілері пайда болған кезде қайда бару керек, осы сұрақтарға жауаптарды біздің инфографикадан оқыңыздар.

БӨЛІСУ