Кәсіпкерлік дамыса, жұмыссыздық азаяды. Ал жұмыссыздық азайса, қоғамдық-саяси ахуал тұрақтанады. Осы қарапайым қағиданы айту жеңіл болғанымен, іс жүзінде жүзеге асыру оңай емес. Осы ретте ауданда кәсіпкерлік көкжиегі қаншалықты кеңейіп жатқанын білу үшін аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы А.Сәдуақасовты сөзге тарттық.

Бөлім басшысы ә дегеннен-ақ сандарды сөйлете жөнелді. Айтуынша, ауданда 3196 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелген екен. Оның ішінде 152-сі шағын және орта кәсіпкерліктің заңды тұлғалары болса, 1368-і жеке кәсіпкерлер, сондай-ақ 1676-сы шаруа және фермер қожалықтары. Бірден ашып айту керек, мұның бәрі тұрақты жұмыс істеп тұрған жоқ. Ақпаратқа сүйенсек, тіркелген кәсіпкерлік субъектілерінің 3069-ы ғана қызмет етуде. Бөлім басшысы «жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің саны өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 108,6 пайызға артты» дегенімен бұл тоқмейілсуге болатын көрсеткіш емес. Мұны жақында аймақ басшысы да айтып өткен болатын.
«ҚР Премьер-министрі Ә.Смайловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында өңдеу өнеркәсібіндегі өсу қарқыны бойынша Қызылорда облысы, Алматы қаласы, Қостанай облысы үздіктер қатарында екені айтылды. Бұл жақсы көрсеткіш. Бірақ тоқмейілсуге болмайды. Сондықтан барлық деңгейдегі әкімдерге өнеркәсіп көрсеткіштері бойынша ай сайынғы өсімді қамтамасыз ету шараларын күшейтуді тапсырамын», – деген еді Нұрлыбек Нәлібаев.
Иә өндірісті өркендетудің бірден-бір тиімді жолы өңдеуді қолға алу. Бұл бағытта біздің ауданда ауыз толтырып айтарлықтай көрсеткіш жоқ екені жасырын емес. Мәселен босаған бөтелкелер мен салафандарды айтпағанда, қарапайым мал терісінің өзі өңделмейді. Сосын халықтың басым көпшілігі өңдеу немесе жаңа бизнес идея­ларды дамытудан гөрі мал шаруашылығымен айналысқанды жөн көреді. Онда да малды өсіреді, баптап бағады, етін жілікке сатып, қайтадан жас мал алып, оны бағуды жөн көреді. Содан да болса керек ірі өндіріс орындары мен инновациялық цехтар жоқтың қасы.
– Аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімі тарапынан тұрғындарға түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, бағыт-бағдар берілуде. Біз барлық ауылдарды қамтып, аралап, кездесулер мен жеке қабылдаулар өткізіп жатырмыз. Жыл басынан бері мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар аясында құны 3,9 млрд теңгені құрайтын 366 жобаға қаржылай қолдау көрсетілді. Атап айтқанда, «Микробизнес-Қызылорда» бағдарламасы бойынша құны 136,0 млн теңгенің 12 жобасы қаржыландырылды. «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасының пайыздық мөлшерлемелерін субсидиялау бағыты аясында құны 465,7 млн теңгенің 11 жобасы, ішінара кепілдендіру бағыты бойынша құны 220,2 млн теңгенің 9 жобасы екінші деңгейлі банктер тарапынан қаржыландырылды. Осы бағдарламаның 5,0 млн теңгеге дейінгі қайтарымсыз грант беру тетігі бойынша 1 жоба 5,0 млн теңгеге қаржыландырылды, – дейді бөлім басшысы.
Осы ретте аудан халқының көпшілігі өз кәсібін мемлекет тарапынан берілетін қайтарымсыз грант алу арқылы бас­тап жатқаны белгілі. 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде жүзеге асып жатқан бұл жұмыс халық үшін тиімді болды. Қайтарымсыз грант тағайындау жөніндегі комиссия құрамында өзіміз де бармыз. Комиссияға бизнес жоспарын әкеліп, қорғайтын азаматтардың талабы мен ынтасын байыппен бағамдайтын болсақ, олардың басым көпшілігі мал шаруашылығын дамыту бағытындағы жобаларды ұсынуда. Арасында әлдекімге жаздырып немесе бәзбіреуден көшіріп алған бизнес-жоспарын қорғай алмай, есептеулерден жаңылатындар да кездеседі. Дегенмен жыл басынан бері 144 адамға 198,7 млн теңге көлемінде мемлекеттік қайтарымсыз грант тағайындалды. Бұл екі қолға бір күрек таба алмай жүрген азаматтарға мол мүмкіндік болды.
Біз ауданның кәсіпкерлік саласындағы ақпараттармен таныса отырып, «Ауыл аманаты» жобасы бойынша да сұрап-білдік. Аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы А.Сәдуақасов биылғы жылдың шілде айында бастау алған «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында құны 3,0 млрд теңгені құрайтын 489 жобаның құжаттары жинақталғанын айтты. Соның аясында кент және ауылдық округтер бойынша құны 1 427,0 млн теңге болатын 193 жоба «Байқоңыр» ӘКК АҚ-на ұсынылыпты. Алайда несие комитетінің шешіміне сәйкес небәрі 17 жоба мақұлданған. Қалған жобалар бойынша әлі де нақтылау жұмыстары жүргізілуде.
Кәсіпкерлер үшін өзекті мәселенің бірі – бөлшек салықтың арнаулы салық режимінің енгізілуі. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы тиісті заңға қол қойып, қолданысқа енгізілді. Осы заң бойынша кәсіпкерліктің жекелеген салалары үшін мөлшерлемені 2 пайызға дейін төмендету мақсатында ауданда тиісті жұмыстар атқарылған. Ол аудандық қоғамдық кеңестің келісімі негізінде аудандық мәслихат депутаттарының қолдауымен сессияда бекітіліп, нормативтік-құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне енгізілген.
– Бөлшек салықтың арнаулы салық режимін салық кезеңінде қызметкерлердің орташа тізімдік саны 200 адамнан аспайтын, күнтізбелік жылдағы табыс 600 000 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын кәсіпкерлер қолдана алады. Өйткені сауда саласын негізінен кіші кәсіпкерлер құрайды. Олардың басым бөлігінің жеке меншік сауда орындары жоқ және ғимаратты жалға алу арқылы кәсіптерін жүргізіп отыр. Сонымен қатар қоғамдық тамақтану саласында да азық-түлік пен коммуналдық қызметтердің өсуі осы салаға кері әсерін тигізуде. Бұл мәселе бойынша облыстық кәсіпкерлер палатасы алаңында аймақтың кәсіпкерлік саласындағы өзекті мәселелерін талқылау үшін бизнес өкілдерімен кездесу өткізіліп, бизнес өкілдері тарапынан бөлшек салықтың мөлшерлемесін 2%-ға дейін төмендету мәселесін қарастыру туралы ұсыныс енгізілді. Бұл режим бизнес-ахуалды жақсартуға ықпал етеді және салықтық жүктемені, бизнесті заңдастыруға, кәсіпкерлік сектордың іскерлік белсенділігін арттыруға оң әсерін тигізетін болады, – дейді бөлім басшысы А.Сәдуақасов.
Жалпы алғанда кәсіпкерлік саласын дамыту мақсатында ауданда жұмыс қалыпты ырғақпен атқарылып жатыр. Ал кәсіпкерлік саласының көкжиегі қаншалықты кеңейіп жатқанына халық баға береді. Біз қолда бар мәліметтерге сүйеніп, сала жұмысы жөнінде хабардар еттік. Ең бастысы, кәсіпкерлікті дамытып, жаңа жұмыс орындарын ашып, сол арқылы салық базасын арттыру, жұмыссыздықты жою – ортақ міндет болып қала береді.

Ақтөре ҚҰРМАНАЙТЕГІ

БӨЛІСУ