«Мектепке жол» акциясы аясында веломарафон ұйымдастырылды.
Бүгін Қызылорда қаласында «Сол жағалау» шағын ауданында «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы аясында және «30-тамыз – ҚР Конституциясы күніне» орай веломарафон ұйымдастырылды.
Веломарафонға өңірдегі азаматтық қорғау органдарының 50-ден астам өкілі және олардың балалары қатыстырылды.
Веломарафонның ұйымдастырушылары 7 шақырымдық жолдың бастауы мен мәре сызығын бекіткен болатын. Жол қауіпсіздігін сақтауға жол-патрульдік полиция бөлімінің қызметкерлері де жұмылдырылды.
Ұйымдастырушылардың бірі, спортсүйер, марафоншы Жандәулет Өндрейдің айтуынша: «Бұндай қоғамдық іс-шаралардың пайдасы мол. Біріншіден көпшілік арасында қайырымдылық жасауды насихаттайды, екіншіден жастардың салауатты өмір салтын ұстануына себепкер болады».
Қорытынды есеп төмендегіше болды: әйелдер арасында 1-орынды Әсел Жадырасынова иеленді. Жастар арасында 1-орынға Мейрамбек Ерубаев, 2-орынға Рауан Шазында, 3-орынға Асылхан Мейрамбеков ие болды. Ал, 40-жастан асқан қызметкерлер арасында 1-орынға Әлімжан Марданов, 2-орынға Айдос Ермағамбет лайықты деп табылды.
Сонымен бірге №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі Нұрбол Әнуаровтың 9 жастағы ұлы Әділбек Нұрәли белсенділік танытты.

БӨЛІСУ