Қазалы ауданында ала жаздай жер жыртып, бақшаның бабын тапқан жандар аз емес. Соның бірі – “Талды-Аша” шаруа қожалығының иелері – Жанболат Әбиев пен Гүлсім Бодықова.
Жанболат Әбиев 20 жылдан бері мал шаруашылығымен қатар, бау-бақша баптаудың да ебін тапқан. Ол суды үнемдеу технологиясын пайдалана отырып, бақшасын үнемдеп суарып отыр. Сондай-ақ, 2 гектар жерге дала жануарлары зиянын тигізбес үшін айналасын тоқпен қоршап қойған.
Бүгін кәсіпкерлер шаруа қожалық басында ауқымды семинар өткізді. Шараға арнайы барған аудан әкімі Мұхтар Оразбаев қожалықтың бұлай бақша баптауы көпке үлгі боларлық іс екенін атап өтті. Сонымен қатар алдағы жұмыстарына сәттілік тілеп, мол өнім алуына тілектестігін білдірді.
Басқосуда Арал ауданынан келген бақша баптаушыларда сөз сөйлеп, өздерінің ойларымен бөлісті.
Шара барысында аталған бақшаның өнімдерінен көрме ұйымдастырылды. Бұдан бөлек, семинарда аудан өнерпаздары мен әжелер ансамблі ән салып, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Айта кетейік, “Талды-Аша” шаруа қожалығы мал шаруашылығынан алынған өнімдерден құрт, айран және қымыз шығарып, халыққа ұсынуда.