Қызылордалық көпбалалы ана ұлттық нақышта бомберлер тігеді.

Қызылордалық бухгалтер Айман Абдиева хоббиін кәсіпке айналдырған жан. 4 баласы бар ана бүгінде «Aiman Abdi QAZAQBREND» сән үйін ашып, 5 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Сұранысқа ие өнімдерінің бірі – ұлттық нақыштағы бомберлер.

Айман бала күнгі хоббиі кәсіпке айналады деп ойламағанын айтады. Бала күтімімен демалыста отырған сәтінде тігінші танысы берген үш метр матадан балаларға арналған бірнеше қамзол тігіп, әрлеп көреді. Ұлттық нақыштағы дүниелер заматында-ақ өтіп кетеді. Осылайша болашақ кәсіпкердің алғашқы айналым қаражаты пайда болады.

«Бұл 2017 жыл болатын. Сол уақыттан бастап тұрақты тапсырыстың болғанына қарамастан қызығушылығымды кәсіпке айналдыруға асықпадым. Мамандығым – бухгалтер. Мамандығым бойынша жұмыс істей берді. Тек екі жыл өткеннен кейін ғана кәсібімді ресми тіркедім. Оған дейін бизнесті жүргізудің қыр-сырын меңгердім. Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасы арқылы Іскер әйелдер кеңесімен таныстым. Осы кеңес арқылы түрлі тегін курстарға қатысып, дамыдым», – дейді жас кәсіпкер.

Ол салт-дәстүрлерге қажет ұлттық киімдер тігумен айналысады. Әсіресе балалардың тұсау кесер және сүндет тойына арналған киімдерге жиі тапсырыс түседі.

«Кішкентай балаларға киім тіккен ұнайды. Олардың аурасы ерекше. Оның үстіне киімді алуға көбіне ата-әжесі келіп, батасын бергенде шатыттанып кетемін. Осындай сәтте маған киім сатқаннан гөрі, эмоция сыйлаған маңызды екенін түсінемін. Сол үшін әр тапсырысқа асқан жауапкершілікпен қараймын», – дейді Айман Абдиева.

Жас кәсіпкер өткен жылы «Қазақстанның үздік тауары – 2022» өңірлік көрме-байқауына қатысып, жеңімпаз атанады. Бұл байқау кәсібін сенімді жүргізуге мотивация бергенін атап өтті.

«Былтыр өңірлік байқаудың жеңімпазы ретінде республикалық кезеңге қатыстым. Жүлде алмасам да, өзге кәсіпкерлермен, тауарөндірушілермен таныстым. Сол жылы «Даму» арқылы жеңілдетілген несие алып, сән үйіне ғимарат сатып алдым», – дейді ол.

Ол ұлттық киімдердің қолданыс аясын кеңейту үшін жаңа өнімдер әзірлеуде. Кішкентай баладан бастап кез келген жастағы адамдарға арнап тіккен ұлттық нақыштағы бомберлері бүгінде сұранысқа ие өнімдердің біріне айналды.

«Соңғы кезде орта жастағы қыз-келіншектер мен ер азаматтар да ұлттық нақыш элементтері қосылған күз-көктемдік сырт киімдерге жиі тапсырыс бере бастады. Жалпы ұлттық нақышты күнделікті қолданыстағы киімдерге қолдану трендке айналып келе жатыр. Бұл тамаша тенденция», – дейді кәсіпкер Айман Абдиева.

Айман енді ұлттық киімдер тігетін фабрика ашуды мақсат етіп отыр. Кәсіпкердің өнімдерімен мына жерден таныса аласыздар

БӨЛІСУ