Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы» Жарлығын іске асыру мақсатында алғаш рет Ақтөбе өңірінде бастау алған «Ауыл аманаты» жобасы бүгінгі күні Сыр елінде де жүзеге асырыла бастады.
Жобаның негізгі мақсаты – ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді жан-жақты қолдау, ауыл тұрғындарын аграрлық бизнеске барынша тарту, азық-түлік қауіпсіздігіне және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға байланысты мәселелерді шешу.
Жобаның міндеттері:
• ауыл халқын агробизнеске тарту;
• ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерді жан-жақты қолдау;
• азық-түлік қауіпсіздігіне байланысты мәселелерді шешу;
• азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру;
• ауылдардың экономикалық әлеуеті мен мамандану бағыттарын анықтау.
Ағымдағы жылы Қызылорда облысына «Ауыл аманаты» жобасын іске асыруға 3 млрд. теңге қаржы бөлінді, ал Қызылорда қаласының маңындағы кенттер мен ауылдарға 233 256 мың теңге қарастырылуда. Алдымен, әр ауылдық округ бойынша скрининг жүргізіліп, жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың нақты саны анықталып, халық санына қарай ауылдық елді мекендерге басымдық беріліп отыр.
Бұған дейін де жобаның мақсаттары мен міндеттерін түсіндіру бойынша партияның қалалық филиалының ұйымдастыруымен қалаға қарасты біршама ауылдарда ашық есік күндері өткізілді. Мұнда 200-ден аса азаматтың сауалдарына жауаптар берілді.
Аталған шараның жалғасы ретінде, бүгін партияның қалалық филиалының мәжіліс залында Қызылорда облысының ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының бас маманы Светлана Мұстаяпова мен партияның қалалық филиалының Атқарушы хатшысы Гүлшат Мұсаева тұрғындарға еркін форматта түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Жиынға қатысушылар тарапынан берілген сауалдары мен ұсыныс-пікірлері талқыланды.
Айта кетейік, «Ауыл аманаты» жобасы бойынша ауыл тұрғындары өз бизнесін дамытуға немесе кооператив құрамында жеңілдетілген несие ала алады, сондай-ақ техниканы лизингке рәсімдеуге болады. Қарыз алу шарттары да өте тиімді, себебі ондағы пайыздық мөлшерлеме әлдеқайда төмен.
– несие/микронесие мерзімі – 5 жыл, ал мал шаруашылығы және ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру саласындағы жобалар бойынша 7 жылға дейін;
– шағын несиенің ең жоғарғы сомасы – 8.6 млн теңге, ауыл шаруашылығы кооперативтері үшін 27.6 млн теңгеге дейін;
– сыйақы мөлшері жылына 2.5 пайыздан аспайды.
Мұндай несиенің ауыл халқына пайдалы болары анық. Мәселен, бүгінде бірде-бір коммерциялық банкте ауыл тұрғындарында мұндай шарттармен несие алу мүмкіндігі жоқ. Әлемдегі инфляцияны ескеретін болсақ, 2,5 пайыздық несие бұл – өте тиімді. Сондықтан да ауылда қандай да бір өндіріс ашып, оны дамыту үшін бұл – үлкен мүмкіндік. Жоба 2023 жылы басталып, 2025 жылға дейін жалғасады.
«AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов мемлекет басшысы өзінің сайлауалды бағдарламасында ауылдағы өмір сүру деңгейін арттыру мәселелеріне ерекше назар аударғанын атап өткен болатын. Таяудағы 7 жылда ауыл тұрғындарының табысын арттыруға 1 трлн теңге бөлу көзделген, бұл ауыл шаруашылығында 350 мыңнан астам сапалы жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.