«Aral Organic» жеке кәсіпкерлігінің иесі Арсена Кушжанова түрлі өсімдіктің қоспасынан сабын дайындайды. Кәсіпкердің өнімі көп сабынға ұқсамайды. Ол түйе, ешкі сүті, жантақ қосылған емдік қасиеті бар сабын шығаруда. Бұл сабын түрлі тері ауруларына және терінің құрғауына қарсы емдік қасиеті бар екен. Арсенаның емдік әрі хош иісті сабыны «Қазақстанның үздік тауары-2023» өңірлік көрме-байқауында-ақ сұранысқа ие болды.

Арсена Көшжанова бұрын сабынды өзіне және таныстарына дайындайтын, содан кейін хоббиді бизнеске айналдыруды шешті. Мемлекеттік қолдау аясында қолдан жасалған сабын шығаратын цех ашты.

– Кәсіпті бастағаныма 6 айдай уақыт болды. Мүмкіндігінше өзімізде бар нәрселерден пайдалы дүние жасағым келді. Сабын түйе, ешкі сүті қосылып жасалады. Сонымен қатар жантақты да пайдаландық. Қазақстанның басқа өңірлеріне де жіберсек, менікі органика болып есептелгеннен кейін, ауылдан өзіміз шөпті теріп, қайнатып, істегеннен кейін, органика магазиндеріне қойылып, ұсынылса деген ойым бар. Бізде тек ел ішінде ғана емес, шетелде де сұранысқа ие органикалық және экологиялық таза өнімдерді өндіру үшін айтарлықтай әлеует бар, – деп бөлісті кәсіпкер.

Арсена қазіргі таңда сабынның 11 түрін шығарып отыр. Соның ішінде 3 сабын емдік қасиетке ие. Айтуынша, сабынның құрамында хош иістер, бояғыштар мен консерванттар жоқ, тек табиғи ингредиенттер. Судың орнына ешкі мен түйе сүтін қосады, сонымен қатар түйе тікенегі қосылған шөп сабынының рецептін ойлап тапқан.

БӨЛІСУ