«AMANAT»партиясы облыстық филиалының төрағасы Наурызбай Байқадамов жұмыс сапарымен Қазалы ауданында болды.
Ауданға жасаған сапары барысында партия филиалының төрағасы ең алдымен аудан орталығынан оңтүстік-батысқа қарай 55 шақырым қашықтықта орналасқан Түктібаев ауылына барып, елді-мекен ішіндегі Жаңажол, Жаңажол орамы, Әбдіразақов және Орымбет Ишан автомобиль жолдарының орташа жөндеу жұмыстарымен танысты.
Тапсырыс беруші мен мердігер мекеме «Нұрас и К» ЖШС өкілдері бүгінде 2,1 шақырымды құрайтын 4 көшеге гравийлі құмды қоспа және асфальт қабаты толықтай төселгенін айтып, қазіргі таңда жол жиегін бекіту жұмыстары жүргізіліп жатқандығын айтты.
Мұнан соң 10-ға жуық елді мекеннің жол қатынасының жақсаруына септігін тигізетін «Қарлан» учаскесінде жүргізіліп жатқан темір-бетонды көпір құрылысын аралап, онда қазіргі таңда жасалып жатқан жұмыстармен жіті танысты. Құрылысшыларға көпірдің маңыздылығы жоғары екенін атап өткен партия филиалының төрағасы уақытылы әрі сапасына мән беру қажеттігін айтып, партия ұдайы бақылауда ұстайтындығын жеткізді.
– Бұл көпір құрылысының аудан тұрғындары үшін маңыздылығы өте жоғары. Техникалық қадағалаушы ұдайы құрылыс басында болып, сапасына, кемшіл тұстарына тұрақты бақылау жасау қажет. Жергілікті халық сенім артқаннан кейін жұмыс сапалы жүргізілу керек. «AMANAT» партиясының Партиялық бақылау комиссиясы көпір құрылысын тұрақты бақылауда ұстайды және тиісті ұсыныстар беретін болады, – деді Наурызбай Байқадамов.
Партиялық бақылау тобы әрі қарай аудан орталығы Әйтеке би кентінде бой көтеріп жатқан 250 орындық мектеп пен 600 орындық Мәдениет үйі құрылысымен танысты.
Бұл білім ордасы биылғы жаңа оқу жылына орай пайдалануға беру жоспарланған. Мектептің қазіргі ішкі және сыртқы жағдайымен жіті танысқан партия филиалының төрағасы кемшіл тұстарын айтып, жұмыстың бәсеңдеуіне мердігер мен техникалық қадағалаушы жауапты екенін қатаң ескертті. Ал құрылысы 2019 жылы басталған 600 орындық Мәдениет үйіндегі құрылыс-монтаж жұмыстарының 90% жасалған. Ендігі кезекте ДЭС қондырғысы және сахна жабдықтарын орнату жұмыстары қалған.
Партиялық бақылау тобының аудандағы көшпелі жұмысы «Әйтеке би-Қазалы» автомобиль жолын қайта жаңғырту жұмыстарына бақылау жүргізумен аяқталды. Мұнда «Стандарт Ойл КЗО» ЖШС автомобиль жолының негізгі қабатын 4 жолаққа дейін кеңейту және түнгі жарық шамдарды орнату жұмыстарын жүргізуде. Ағымдағы жылы пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Партиялық бақылау комиссиясының өкілдері жұмыстың бәсеңдігін сынға алып, құрылыс сапасын, бөлінген қаражаттың тиімді игерілуіне аса жауапкершілікпен қарауды ескертті.
Айта кетейік, партияның облыстық филиалы төрағасы бастаған партиялық бақылау тобының жұмысы бүгін Қармақшы ауданында жалғасуда.