Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астана халықаралық форумының пленарлық сессиясына қатысты.
Дөңгелек үстел форматында өткен пленарлық сессияда жоғары мәртебелі делегаттар әлемдік экономикадағы, сауда және саясаттағы жаһандық үдерістерді талқылады. Сондай-ақ климаттың өзгеруі, азық-түлік тапшылығы және энергетикалық қауіпсіздік секілді түйткілдердің шешу жолдарын егжей-тегжейлі қарастырды.
Жиында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен қатар Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Босния және Герцеговина Президиумның төрағасы Желька Цвиянович, Өзбекстан Премьер-министрі Абдулла Арипов, ЮНЕСКО Бас директоры Одрэ Азуле, ХВҚ Басқарушы директоры Кристалина Георгиева, ЕҚЫҰ Бас хатшысы Хельга Шмид және БҰҰ Бас хатшысының орынбасары – ЭСКАТО ұйымының атқарушы директоры Армида Салсиа Алисджабана сөз сөйледі. БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гуттериш форум қатысушыларына видеоүндеу жолдады. Пленарлық отырысты белгілі CNN журналисті Ричард Квест жүргізіп отырды.
Форум қатысушалары алдында сөз сөйлеген Мемлекет басшысы осы жиынға қатысу үшін елімізге арнайы келген Қатар Әміріне, Қырғызстан Президентіне, Босния және Герцеговина Президиумының төрағасына, Өзбекстан Премьер-министріне ризашылығын білдірді.
Президент жаһандық экономиканың қазіргі жай-күйі мен өңірлік ынтымақтастық мәселелері жөнінде пікір алмасу үшін аталған форумның маңызы зор екенін атап өтті.
– Бұл – халықаралық серіктестіктің шынайы мән-маңызын айқындайтын жолдың бірі. Осы Форумды бастай отырып, стратегиялық серіктесіміз – Біріккен Ұлттар Ұйымына және оның ХВҚ, ЮНЕСКО, БҰҰДБ, ДСҰ, ЭСКАТО секілді ұйымдарына, басқа да халықаралық институттарға, сондай-ақ ақпараттық әріптесіміз – CNN-ге шынайы ризашылығымды білдіруге рұқсат етіңіздер, – деді Мемлекет басшысы.
Мемлекет басшысы бұрын-соңды болмаған геосаяси шиеленіс пен қазіргі заман өркениетінің сын-қатерлеріне назар аударып, Астана халықаралық форумы миссиясының бес негізгі міндетіне тоқталды. Атап айтқанда, әлемдегі жағдайды ашық талқылау; негізгі сын-қатерлер мен дағдарысты айқындау; осы сын-қатерлерге өзара ынтымақтастық рухында диалог арқылы қарсы тұру; көпжақты қатынастардың ортақ мәдениетін жаңарту және қалпына келтіру; бейбітшілікті, прогресс пен ынтымақты жақтайтын дауыстарды күшейту Форумның негізгі миссияларының қатарына кіреді.
Сонымен қатар Президент Біріккен Ұлттар Ұйымы құрылған сәттен бері негізі қаланған әлемдік тәртіпке төнетін қауіп-қатерлер туралы айтты. Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ бірден-бір жаһандық әмбебап ұйым болып қала беретінін әрі бұл ұйым барша адамзат баласының мүддесі мен шынайы мұқтаждықтарына қызмет ететінін айрықша атап өтті.
Президент өз сөзінде әлемдегі жаңа дағдарыстың ықпалына қатысты ой-пікірін бөлісті.
– COVID-19-дан бастап қарулы қақтығыстарға дейінгі соңғы «жаңа дағдарыстар» нәзік халықаралық экожүйеге қауіп төндіреді. Бірақ бұл тұрақсыздықтың түпкі себебі тереңде жатыр. Сонымен қатар біз 30 жылдан кейін «блоктарға» бөлінетін ескі көзқарастарға қайта оралу жағдайына куә болып отырмыз. Тек геосаяси күш біздерді жікке бөліп жатқан жоқ. Оның экономикалық астары да бар. Экономикалық саясат қару ретінде ашық қолданылуда. Бұл қарама-қайшылықтар санкциялар мен сауда соғыстарын, мақсатты борышкерлік саясатты, қаржыландыру көздерінен шектеуді немесе жоюды, сондай-ақ инвестицияны бақылауды қамтиды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының айтуынша, геосаяси қиындықтарға қарамастан, Қазақстан сенімді сауда-экономикалық серіктес ретінде Орталық Азияның экономикалық локомотиві рөлін атқарып отыр.
Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Форум ортақ мәселелерді шешуге, сондай-ақ әріптестікті, даму мен прогресті ілгерілетуге өз үлесін қосатынына сенім білдіріп, жиынға қатысушыларға табыс тіледі.