«Ақтерек» сауықтыру лагеріндегі жазғы демалыс маусымы басталды.

«Ақтерек» сауықтыру лагерінің ашылу салтанатына аудан әкімі Есжанов Асқарбек Темірбекұлы, ардагерлер, ата-аналар қатысып, балалардың алдағы жазғы демалысына сәттілік тіледі.

Биылғы маусымда «Ақтерек» сауықтыру лагеріне 6 ауысымда 442 бала, мектеп жанындағы күндізгі тынығу лагерлерінде 2028 бала, облыстан тыс лагерлерде 150 баланы демалдыру жоспарланып отыр.
Бүгінгі күні аудан кәсіпкерлері мен демеушілердің есебінен 170 бала Жаңақорған ауданындағы «Талдысу» лагеріне жіберілді.

Сондай-ақ, 2000-ға жуық бала Түркістан қаласы мен Қорқыт Ата мемориалды кесенесіне тарихи-танымдық экскурссияға шығатын болады.

«Құрметті балалар, қадірлі жас дос!
Біз, «Бар жақсымыз балаларға» – дейтін халықпыз. Біз сендерге сенеміз, ертең елімізді өркениет өріне шығаратын да, ел басына күн туса елді, туған жерді қорғайтын да сіздер боласыздар.
Сондықтан сіздердің міндеттеріңіз – бос уақыттарыңызды тиімді пайдаланып, саналы тәрбие, сапалы білім алу, есейіп, ер жетіп, елге қызмет ету.
Жазғы тынығу лагерінде сіздер демалып қана қоймайсыздар, жаңа достар табасыздар. Достық – ұлы ұғым, «Досы көпті жау алмас» – дейді бабаларамыз.
Сол достарың арқылы өрістерің ұзарып, дүниетанымдарың кеңейеді. Достарың көп болса еңсең де биік» – деді аудан әкімі Асқарбек Есжанов.
Лагердің ашылу салтанатына арналған мерекелік шарадан соң аудан әкімі лагерь асханасымен және жатын орындарымен танысып, сала басшыларына тынығушыларға үнемі қолайлы жағдай жасалып, тазалық пен жайлылықты ұйымдастыруды тапсырды.

Жазғы лагерге арнайы сыйлықтарымен келген аудан кәсіпкерлеріне бүлдіршіндер шынайы алғыстарын білдірді.

БӨЛІСУ