Сенатта мемлекеттік органдарды бюрократиядан арылту шаралары талқыланды.
Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің депутаттары мемлекеттік органдардың заң шығару процесіндегі қызметін одан әрі бюрократиядан арылту мәселелері бойынша отырыс өткізді.
Комитет төрағасы Андрей Лукин өз сөзінде билік органдарының алдына норма шығармашылығы және бюджеттік процестердің мерзімін екі есеге қысқарту міндеті қойылғанын атап өтті.
«Цифрландыру, басқару жауапкершілігі, реттеудің оңтайлы болуындағы тәсілдерді жаңғыртуды орнықтыруға қол жеткізу қажет. Мемлекеттік басқарудың барлық салаларына цифрлық трансформация жасау және жүйелі реинжиниринг бюрократизациядан арылтудың негізгі нәтижесі болуы тиіс», – деді сенатор Лукин.
Сенатор Қайрат Тастекеев отырысқа төрағалық ете келіп Мемлекет басшысы өткен жылы қол қойған Жарлыққа сәйкес мемлекеттік аппаратты артық бюрократиядан арылту жөнінде шаралар қабылдау қажеттігін атап өтті.
Депутат Тастекеевтің айтуынша, Жарлықта мемлекеттік аппаратта шешім қабылдауды жеделдету, мемлекеттік органдардың бірінші басшыларының дербестігі мен жеке жауапкершілігін арттыру, құжат айналымы мен есеп берушілікті қысқарту бойынша жүйелі және қолданбалы шаралар кешені көзделіп отыр.
Шара барысында әділет, ішкі істер, ұлттық экономика министрліктерінің, Парламентаризм институтының, Бас прокуратураның және басқа да мүдделі мекемелердің өкілдері баяндама жасады.
Бюрократизациядан арылту жөніндегі тиісті қағидалар мен тетіктер бұрын қабылданған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасындағы әкімшілік реформа мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға енгізілген болатын.