Қызылорда облыстық сотында Қазақстан Республикасының әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің жүзеге асыруын қамтамасыз етуге байланысты семинар болып өтті.
Шараға Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Ж.Оспанова, алқа судьялары, Қызылорда облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының (МАӘС), әкімшілік істерді қарайтын аудандық және оған теңестірілген соттардың төрағалары мен судьялары қатысты.
Семинарды ашқан Ж.Оспанова қатысушыларды күн тәртібімен таныстырып, талқылатын тақырыптардың өзектілігін атап өтті.
Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе «Жергілікті атқару органдарының жер учаскесін пайдалану құқықтарын беру актілеріне дау айту ерекшеліктері» тақырыбында МАӘС судьясы З.Жарылқасынова баяндама жасады.
Баяндамашы сотта қаралған жерге қатысты дауларда тәжірибе көрсеткендей көбіне бір жер учаскесі бірнеше тұлғаға беріліп, олар бір-бірімен дауласып жүретінін немесе учаскелері қабаттасып табысталатын фактілер, сонымен қатар жерге орналастыру құжаттарын дайындау кезінде алғашқы табысталған жер учаскесінің координаттары жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесіне енгізілмеуі немесе дұрыс енгізілмеуі орын алатынын атап өтті. Сондай-ақ баяндамашы осындай жіберілген қателіктер үшін істі шешу барысында тиісті лауазымды тұлғаға немесе мемлекеттік органға жеке ұйғарым жіберілетінін айтты.
Келесі болып, МАӘС судьясы А.Сәрсенбаев «Жер комиссиясының хаттамалық шешімдерінің заңдылықтарын тексеру ерекшеліктері» тақырыбында баяндама жасап, осы санаттағы әкімшілік істерде комиссия жіберетін бірқатар қателіктерге тоқталды. Атап айтқанда хаттаманың регламентке сай жасалмайтынын, кей жағдайларда хаттаманың уақыты мен қол қоюшылар туралы мәліметі көрсетілмеген жағдайлар да кездескенін айтты. Баяндамашы осы бағытта ұйымдастырылған семинарлар мен кездесулерде осы мәселе үнемі айтылса да, кемшіліктер орын алып келе жатқандығын атап өтті.
Күн тәртібіндегі келесі мәселе бойынша МАӘС төрағасы Г.Мырзатаева баяндама жасап, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне процестік заңнаманы жетілдіру және сот жүйесін реформалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы 2023 жылғы 27 наурыздағы № 216 Заңы туралы айтты. Г.Мырзатаева аталған Заңмен ӘРПК-нің 91-бабының 5-бөлігіне, 138-бабының 5-бөлігіне енгізілген өзгерістерге тоқталды.
Шараны қорытындылаған алқа төрағасы Ж.Оспанова қатысушыларға семинар барысында көтерілген мәселелерді қаперде ұстауды қатаң тапсырды.

Қызылорда облыстық сотының баспасөз қызметі

БӨЛІСУ