Азаматтардың медициналық қызметті алу фактісін растау тетігі енгізіледі – ҚР ДСМ.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте денсаулық сақтау вице-министрі Бейбіт Есенбаев халыққа арналған цифрлық денсаулық сақтаудың қазіргі құралдары туралы баяндады.
Электрондық үкімет порталында пациенттер үшін вакцинациялауға, дәрігердің қабылдауына жазылу, дәрігерді үйге шақыру қолжетімді. Сондай-ақ медициналық ұйымға тіркелуге болады. Сонымен қатар азаматтар электрондық медициналық құжаттарға қол жеткізе алады. Мысалы, емдеуге жатқызуға жолдама, стационардан шығару, аурухана парақтарын алу және т.б.
«Көрсетілген электрондық медициналық құжаттарға қол жеткізу азаматтардың медициналық ұйымдарға бару санын азайтуға мүмкіндік береді», – деді спикер.
2022 жылы eGov mobile мобильді қосымшасында «eDensaulyq» сервисі іске қосылды. Онда халық үшін донорлық мәртебесі, электрондық рецептілер, медициналық қарсы көрсетілімдер, жүкті әйелдерді есепке алу және диспансерлеу, емдеуге жатқызу, зертханалық зерттеулер нәтижелері және аурухана парақтары бойынша кеңейтілген ақпарат қамтылған.
«eDensaulyq» сервисі кезең-кезеңімен кеңейеді. Жақын арада қан тобы және басқа ақпарат қосылады», – деді вице-министр.
Сонымен қатар eGov mobile қосымшасы арқылы амбулаториялық дәрілік қамтамасыз ету шеңберінде дәрілік заттарды беру бөлігінде «Әлеуметтік әмиян» жобасы іске асырылуда. Пилоттық жоба Астана қаласының емханаларында іске қосылды. Азаматтарды осы сервисті пайдалануға шақырамыз, деді Б. Есенбаев.
«eDensaulyq» – бұл Қазақстан азаматтары бойынша барлық негізгі деректер шоғырландырылған эталон. «Е-денсаулық» ядросына көшу медициналық қызметтерді тұтынушылардың қаражаттарының қозғалысын есепке алу және қадағалау тәсілін қолдануға мүмкіндік береді. Демек, денсаулық сақтауға ақша жұмсаудың ашықтығын, дәрілік заттарға болжамды қажеттілікті есептеуді автоматтандыруды қамтамасыз етеді.
Спикер денсаулық сақтауда көптеген кезектерді цифрландыру көзделіп отырғанын айтты. Бұдан басқа, eGov mobile қосымшасындағы «eDensaulyq» сервисі азаматтарға ұсынылған қызметтердің тізімін көруге және көрсетілмеген қызметті қосып жазу анықталған жағдайда әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жүгінуге мүмкіндік береді.
«Яғни, азаматтың қызметті алу фактісін пациенттің биометриясы, QR-код, sms арқылы растау тетігі енгізіледі. Бұл медициналық көмек көрсетудің ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді», – деді вице-министр.
«Сұрақ-жауап» бөлімінде денсаулық сақтау министрлігінің мамандары журналистердің сұрақтарына жауап берді. Мысалы, БАҚ өкілдері Денсаулық сақтау министрлігі мүгедектікті растау рәсімін өзгертуді жоспарлап отыр ма, қандай да бір дене мүшесінен айырылған адамдар жыл сайын сараптамадан өтуге мәжбүр бола бере ме деген сауал қойды.
«Жалпы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіндегі әріптестермен бірлесіп, біз екі жыл ішінде мүгедектікті сырттай куәландыру бойынша пилоттық жоба жүргізіп келеміз. Осы жұмыс шеңберінде медициналық-әлеуметтік сараптама органдарына қағаз түрінде ұсынылуы қажет бірқатар құжаттар қысқартылды. Бұл бағытта бірінші кезекте проактивті режимге ауыстырылатын нозологиялардың тізімін кеңейтетін боламыз. Яғни, медициналық-әлеуметтік сараптама құрылымдарына тікелей бару қажеттілігі болмайды, осылайша мүгедектікті растау үшін жүгіру азаяды», – деді вице-министр.
Оның жауабын Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі Әсел Қыдыралиева толықтырды. Мүгедектікті растау үшін белгілі бір дене мүшесі жоқ мүгедектердің жыл сайынғы «жүгірісін» болдырмау туралы мәселе медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті деңгейінде көтерілді. Әзірге мәселе тек пысықталуда, бірақ министрлік заңнамада осы тармақты алып тастау туралы ұсынысқа бастамашы болады, деді ол.
Сондай-ақ журналистерді фармацевтика саласына GPP халықаралық практика стандарттарын енгізу мәселесі қызықтырды. Өздеріңіз білетіндей, биылдан бастап бұл норма міндетті болды.
Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің өкілі бұл норма заңнамада 2015 жылдан бастап көзделгенін атап өтті. Алайда, отандық фармацевтика нарығының дайын болмауына байланысты ол биылдан бастап міндетті болғанға дейін бірнеше рет ауыстырылды. Комитет өкілінің айтуынша, фармацевтикалық бизнестің қаржылық жүктемесін азайту үшін халықаралық стандарттар біршама жеңілдетілген. Сонымен, дәріханалар жанындағы дәрігер кабинеттерінің, жабдықтардың кейбір түрлерінің болуы қажеттілігі алынып тасталды.
«Бүгінгі таңда Қазақстанда 10,5 мыңнан астам дәріхананың тек 8%-ы ғана GPP стандарттарына көшті. Сонымен қатар, талдау норманың фармацевтикалық бизнес үшін үлкен шығын әкелмейтінін көрсетті. Стандарттарды енгізу халық үшін қауіпсіздікті, дәрілік заттарды ұтымды пайдалануды, оларды рецепт бойынша өткізуді қамтамасыз етеді. Сондай-ақ бұл фармацевтикалық нарықта фальсификацияның орын алуын болдырмайды», – деді фармацевтикалық бақылау комитетінің өкілі.