Қазақстандық компаниялар Иранға $60 млн-ға өнім экспорттауға келісім жасасты.
ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың Иран Ислам Республикасына ресми сапары аясында 24-26 сәуір аралығында Тегеранда еліміздің үшінші сауда-экономикалық миссиясы өтуде, деп хабарлады Primeminister.kz.
Іскерлік кездесулер нәтижесінде Қазақстаннан Иранға тыңайтқыштар, май өнімдерін, ірі қара және ұсақ мал етін жеткізу бойынша $60 млн-нан астам сомаға экспорттық келісімшарттарға қол қойылды.
ҚР сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаевтың айтуынша, 2022 жылы Қазақстан мен Иран арасындағы тауар айналымы $528 млн-ды құрады, бұл – өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 19,8%-ға жоғары. Бұл ретте қазақстандық компаниялар орта мерзімді перспективада Иранға жеткізілімдерді одан әрі арттыруға дайын.
Сауда-экономикалық миссия аясында ирандық компаниялар қазақстандық фосфатты тыңайтқыштар, ферроқорытпалар және азық-түлік өнімдерін өндірушілерге жоғары қызығушылық танытты. Өзара тиімді қарым-қатынастарды одан әрі дамыту туралы келісімдерге қол жеткізілді.