Қызылордалық қыз-келіншектерге жаңа жобаны таныстырды. Қызылордада «Мен кәсіпкер» жобасы аясында өткен алғашқы ресми кездесуде мамандар қыз-келіншектерге бизнесті жүргізуге дайындық, мемлекеттік қаржылай қолдау тетіктері, денсаулыққа инвестиция бағытында кеңес берді.

Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының алаңында өткен шарада Кәсіпкерлер палатасының директоры Пірмұхаммед Сыздықов пен облыстық Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы, «Мен кәсіпкер» жобасының менторы Наталья Мишукова «Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы» бағыты аясында болатын шаралармен таныстырды.

Жоба аясында ментор кәсіппен айналысуға ниетті қыз-келіншектерді таңдаған бағыттары бойынша оқытып, өнімін әзірлеу барысында сүйемелдейді. Кездесуге келген қыз-келіншектерге бизнестегі белсенді, табысты әйелдер тәжірибелерімен бөлісті.

Атап айтқанда, «Био Мой доктор» клиникасының құрылтайшысы Ләззат Өмірзақова денсаулыққа инвестиция салудың маңызына тоқталса, психолог Жанат Исамберлинаның бизнес психологиясы жайлы кеңес берді. Ал «Халық банк» АҚ Қызылорда облыстық филиалы директорының орынбасары Ақмарал Сыздықова кәсіпкерлікті қаржылай қолдау тетіктері туралы ақпаратымен бөлісті.

«Біз енді ай сайын кәсіп ашуға ниетті қыз-келіншектердің басын қосып, осындай кездесулер өткізіп тұрамыз. Осындай шаралар арқылы әйелдердің кәсіпкерлік саласындағы қажеттіліктерін анықтап, соған сай қызмет көрсеткіміз келеді, әрі кәсібі бар қыз-келіншектер санының артқанын қалаймыз», – деді облыстық Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Наталья Мишкуова.

Қазір Кәсіпкерлер палатасында «Мен кәсіпкер» жобасы аясында жұмыс істейтін арнайы кеңесшілер бар. Жобаға қызығушылық танытқан азаматтар Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасына хабарласуына болады. Тел.: 8 /7242/ 40-09-81.

БӨЛІСУ