Бүгін Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының алаңында “Бір ауыл – бір өнім” жобасы аясында өңірде өндіруге болатын өнімдерге қатысты мәселе талқыланды.
Кәсіпкерлер палатасының директоры Пірмұхаммед Сыздықов, Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Наталья Мишукова аймақта өндірілетін шикізаттардың әлеуетін қолданып, жаңа өнім түрлерін шығару үшін Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ғалым, профессорлары Шілдебаева Ләззат Қадырбекқызын, Аппазов Нұрбол Орынбасарұлын, Смаилова Жұлдыз Жолдасқызын көмекке шақырды.
Талқылауға қатысқан ғалымдар әр ауданның, ондағы шикізаттың ерекшелігін ескере отырып, Қызылорданың брендін қалыптастыруға арналған бірнеше өнімді өндіруге болатынын айтты. Сондай-ақ ол жобаларды жүзеге асыру барысында бағыт-бағдар, кеңес беруге дайын екенін жеткізді.
Биыл Кәсіпкерлер палатасы “Мен кәсіпкер” жобасын жүзеге асырып жатыр.
«Мен кәсіпкер» – «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» аясында жүзеге асырылып жатыр. Ол жаңа жоба. Бірнеше саланы қамтиды.
Негізгі екі бағыты бар:
– әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы;
– кәсіпке бағыт.
Осы жұмыстардың аясында “Бір ауыл – бір өнім” жобасын басшылыққа алып жаңа өнім түрлерін шығару көзделіп отыр.
Қымбатты оқырман, Сіздер де Қызылорда облысынан шығатын шикізаттан жаңа өнім түрлерін шығаруға қатысты тың идеяларыңыз болса Кәсіпкерлер палатасымен бөлісе отырыңыздар.
Сондай-ақ жоғарыда айтқан жобаға сай өнім өндіріп жатқан азаматтар болса жобаларыңызды сүйемелдеуге әзір екенімізді жеткіземіз.