Қазақтың ежелден келе жатқан қолөнердің бірі – киіз басу. Халық алуан түрлі бұйымдар жасау үшін киізді кең қолданған. Киізді киіз үйдің сыртын жабу үшін, жерге төсеу үшін және де кереге керу арқылы өз қажеттілігіне орай пайдалана білген. Киізден кебеже, сандық қаптайтын әбдіреқаптар, ыдыс-аяқ салатын аяққаптар жасаған. Киіз шексіз мүмкіндіктерге ие. Одан барлық өнім түрлерін жасауға болады. Экологиялық таза өнім. Денсаулық үшін пайдалы.
Бақжан Шайхыслам – қазақтың «күпі киген» ұлттық өнеріне заманауи шекпен жамылдырған саусақпен санарлық этнодизайнерлердің бірі. Әлем сәнқойларына киізден көйлек кигізсем деген арманы бар жас шебер, төрт түліктің жүнінен басылып, таза табиғи шикізаттан тігілген киімнің жылуы да, сұлуы да маңызды дейді.
Қолөнер шебері жақсы көретін ісінен табыс табамын деп мүлде ойламаған. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің «Кәсіптік оқыту» мамандығында оқып жүріп, бұл салаға қызығушылығы оянады. Студент кезінде шеберлік сағаттарына жиі қатысып, көрмелерге туындыларын шығарады.
Алматы, Шымкент қалаларында өткен жарыстарда жүлделі орындарға ие болыпты. Оқу ордасын бітірген соң, өз саласы бойынша білімін жетілдіріп, түрлі курстарға барады. Киіз басып, одан түрлі бұйымдарды жасап, осы саланы дамытуға бел шештім» деген Бақжанның мықтылығына сүйсіндік. Өнерлі жас «Киізден заманауи бұйымдарды шығару» жобасы үшін жуырда мемлекеттен берілетін қайтарымсыз гранттың жеңімпазы атанды.
– Бұл кәсіпті сіңлім Гүлден екеуміз бастағалы отырмыз. Жамбыл облысынан меринос қой жүні мен оған қосатын бояуын алдырамыз. Жүннің табиғи түсі ақ болады. Қайнатып, түрлі түсті бояулар қосып киіз басамыз. Ол ұзақ уақытты, қажырлы еңбекті талап етеді. Дайын болған өнімнен үйге киетін аяқ киім, жейде, белдік, қалпақ шығарамыз. Осыдан 3-4 жыл бұрын көпшілік киізден жасалған бұйымдардың денсаулыққа пайдалы екенін білмейтін. Ал қазір жібек жүнінің түрлі қасиеті барынан хабардар. Мәселен, меринос қой жүні өте жұмсақ, денеге ыңғайлы. Аяқты суықтан қорғайды, терлетпей, бірқалыпты температураны ұстайды. Сондай-ақ, иммунитет көтеруге де көмекші құрал. Үлкен адамдарда жиі кездесетін қан қысымы ауруына, ұйқыны қалыпқа келтіруге әсері мол. Киізден жасалған бұйымдарды мерзімдік, яғни тек қыста пайдаланады деген қате түсінік те бар. Жазда киетін жұқа маталардан тігілетін көйлектер мен жейделерге киізден әдемі ою жасап, жапсырса одан әрі сәнді болады. Алдағы уақытта киізді мата түрінде шығарып, жеке өлшеммен тігуді де жоспарлап отырмыз, – дейді шебер.
Жеке шеберханасында сіңлісінен бөлек қасына көмекші мамандарды жұмысқа алып, оларға өз білгенін үйретуден жалықпақ емес. Инновациялық жобаның авторы бұйымдарды тапсырыс берушілердің талғамына сай етіп жасайды. Бағасы да қолжетімді. Үлкен адамдардың аяқ киімдері мен байпақтар 4000 теңгенің шамасында болса, балаларға арналғаны 3000 теңге. Қазақстан бойынша қалалардан түскен тапсырысты жеткізу қызметі де қарастырылған.