Облысымыз 2023 жылдың 2 айы қорытындысымен әлеуметтік-экономикалық дамудың макрокөрсеткіштері бойынша оң динамикаға қол жеткізді.

Өңдеу өнеркәсібінің көлемі – 4,8 пайызға, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі – 1,9 пайызға, инвестициялар тарту – 14,5 пайызға, пайдалануға берілген тұрғын үйлер көлемі – 1,7 пайызға, құрылыс жұмыстарының көлемі – 21,3 пайызға және сауда көлемі – 2,0 пайызға артты.

Индустрияландыруды дамыту аясында биыл құны
12,6 млрд. теңге болатын 5 жоба жүзеге асырылады.

Мемлекет Басшысының тапсырмасына сәйкес Жалпыұлттық Бірыңғай жобалар пулы қалыптасып, оған құны 907 млрд. теңгені құрайтын 36 жоба енгізілді.

Өткен жылы құны 5,1 млрд. теңге болатын 4 жоба іске қосылды («Үй құрылысы комбинаты», «350 орындық мектепті кеңейту», «Балық өңдеу цехы», «Көкөніс сақтау қоймасы»).

Биыл құны 13,4 млрд. теңгені құрайтын 9 жобаның іске қосылуы жоспарлануда (жұмыс орны – 518 адам). Шетелдік инвесторларды тарту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының қолдауымен Сыр өңірінде тың жобалар жүзеге асуда. 2022 жылы орталықтандырылған жылу мәселесін шешу мақсатында «Акса энерджи» түрік компаниясымен бірлесіп, қала аумағын жылу және электр қуатымен толық қамтамасыз ететін,
240 мегаватты құрайтын жылу электр орталығының іргетасы қаланды. Құны 215 млрд. теңгеден асатын бұл жоба 2025 жылы аяқталады.

Инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жұмыстары жалғасатын болады.

Өңдеуші өнеркәсіпке серпіліс беру мақсатында шыны зауыты жанынан құны 100 млрд. теңге болатын 8 ілеспе кәсіпорын құру жоспарлануда. Оның төртеуі бойынша жобалау жұмыстары басталса (шыны талшықтар мен композитті материалдар, айна, жұқа шыны, шыны сыйымдылықтар), қалған жобаларға инвестор іздестірілуде.

Өмір сүру сапасын жақсарту мәселелеріне келсек. Биыл жыл соңына дейін 982 пәтерлік 23 тұрғын үй халық игіліне табысталатын болады.

Бұдан бөлек, республикалық бюджеттен 9,6 млрд. теңге, облыстық бюджеттен 800 млн. теңге бөлініп, 1000 пәтер сатып алынады. Бұл пәтерлер халықтың әлеуметтік осал топтарына табысталады.

Арнайы қабылданған «Сыр жастары» бағдарламасы аясында алғашқы рет 130-дан астам жас отбасыға жеңілдетілген ипотекалық несие беру үшін жергілікті бюджеттен 1,2 млрд.теңге, «Отбасы» банкі арқылы 500 млн.теңге барлығы 1,7 млрд.теңге қаражат бөлінді. Жас отбасылардың баспаналы болуына үлкен қолдау болады деп санаймыз.

Облыс халқының 97,8 пайызы орталықтандырылған су жүйесіне қосылған. Бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткізу бойынша жұмыстар жасалуда.

Өткен жылы 6 ауылдық елді мекен көгілдір отынға қосылып, халықты газдандыру деңгейі 70 пайызға жетсе, биыл 12 ауылдық елді мекенді газдандыру арқылы газбен қамту деңгейін 72 пайызға жеткізу жоспарлануда.

Жергілікті маңыздағы 366 шақырым автомобиль жолдары жөндеу арқылы жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі өткен жылы
82 пайызға жеткізілсе, биыл оны 87 пайызға жеткізетін боламыз.

Бұл мақсатқа биылғы жылы 29,9 млрд. теңге (РБ – 14,6 млрд.,
ОБ-15,3 млрд.)
қаржы қаралды.

Жыл көлемінде республикалық бюджеттен қосымша қаржылар келеді деп жоспарлануда.

Аймақ үшін өзекті жобаларымыздың бірі, бұл – Президенттің тікелей бақылауындағы «Қызылорда-Жезқазған» автожолының құрылысы.

Аталған жолдың ұзындығы 216 шақырымды құрайды, биылғы жылы оның 140 шақырымнан астам бөлігін аяқтау межеленуде.

Қалған бөлігі 2025 жылдың аяғына дейін толық аяқтап, халық игілігіне берілетін болады.

БӨЛІСУ