«Былтыр тауар газының тапшылығына тап болдық. Бұл жағдай бүкіл еліміздің энергетикалық қауіпсіздігіне қатер төндіре жаздады. Мұндай келеңсіздікке жол бермеу үшін нарықты газбен қамтамасыз ету керек. Қазақстанда газдың бағасы көрші мемлекеттерге қарағанда әлдеқайда арзан. Шетелдегі сияқты әртүрлі тарифтерді бізге де енгізу мүмкіндігін қарастырған жөн.

Жалпы, төмен тарифтер мен төмен бағалар экономикамызға теріс ықпал етеді. Бөлінген барлық субсидиялар көрші елдерге босқа кетеді. Қаншалықты қиын болса да, бұл мәселені біртіндеп шешу қажет. Басқа жол жоқ.

Қазіргі уақытта зәулім үйлерін күндіз-түні төмен тарифпен жылытатындар үшін жаңа жүйе бойынша газдың текшеметрі қымбатырақ болуға тиіс. Әлеуметтік әділдік дегеніміз – осы.

Қолда бар шикізатты пайдалану тиімділігін арттыру маңызды. Күнделікті тұрмыста да, мемлекет деңгейінде де үнемдеп үйрену керек. Бұл – әлемдік тәжірибе. Оның өзектілігі қазіргі күрделі геосаяси ахуал жағдайында күшейе түсті.

Өндірісте де, тұрмыста да газды арзан екен деп бей-берекет жаға беруге болмайды. Мұны доғару керек. Үкімет Тауар газының энергетикалық тиімділігін арттыру және оны үнемді пайдалану жоспарын әзірлеуі қажет»

«Еліміздің экономикасы сыртқы саудаға және инвестицияға әрдайым ашық. Қазақстан – Дүниежүзілік сауда ұйымының мүшесі. Сондықтан, сыртқы саудамызды еркін түрде дамытуымыз керек. Бірақ, кемінде өз әлеуетіміз жететін нәрселермен өзімізді қамтамасыз етуіміз қажет.

Мысалы, шикізат та, мамандар да, кейбір технология да өз елімізде бар. Елдің ішкі сұранысын өтеуге қатысты бір негізгі ұстаным болуға тиіс. Ең алдымен, ішкі нарыққа бағытталған өңдеу өнеркәсібін дамытуымыз қажет.

Өңдеу өнеркәсібін инновация мен жоғары технология ғана жедел дамытады. Бұл – айдан анық нәрсе. Сол себепті, Қазақстан экономикасы ғылыми жетістіктерді негізге алуы керек.
Зерттеу жүргізіп, патент алу жеткіліксіз. Ғылыми жаңалықтарды өндірісте пайдалану қажет.
Ғылымды жан-жақты дамыту үшін жаңа заң қабылдау керек. Депутаттар осы заң жобасына
мен береді деп ойлаймын»

«Нақты басымдықтар форматында жұмыс істеу керек. Аса маңызды мәселелерді дереу шешу қажет. Бірақ кейбір мәселені кейінге қалдыруға, ал бірқатары бойынша алдағы шешімдердің тек жобасын белгілеуге тура келеді. Әйтпесе, еңбегіміз зая кетеді және қолда бар ресурстарымызды сарқып аламыз.

Алдағы бес жыл ел тағдыры шешілетін маңызды кезең болмақ. Елімізді қарқынды дамыту үшін сапалы заңнамалық база қалыптастыру керек. Ол үшін экономикаға қажетті ережелер мен қағидаларды өзгерту қажет.

Бұл бағытта алғашқы қадамдар жасалды. Монополиядан арылту және елімізден заңсыз шығарылған капиталды қайтару жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл елімізге орнықты, бәсекеге қабілетті ірі бизнес керек емес дегенді білдірмейді. Керісінше, қажет екені сөзсіз және біз оны қолдаймыз. Ірі бизнес біздің жаңа экономикалық парадигмада жаңаша жұмыс істей бастайды әрі міндетті түрде дамиды. Жалпы, ашық әрі өзін-өзі қамтамасыз ететін нарықтық экономика қалыптастыру басты басымдық болып қала береді»

БӨЛІСУ