Бүгін ауданның дамуына өлшеусіз үлес қосқан Қармақшы ауданының Құрметті азаматы Нажмадин Ысқақовқа көше атауы берілді.
Көшенің ашылу салтанатына аудан әкімі Жандос Еркінбек қатысып, қазіргі кезде жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беруде еңбегімен ер атанған, тұғырлы тұлғаның өмірі үлгі-өнеге екенін жеткізді.
– Қазақ қашан да үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсеткен ел! Біз – өткенін бағалай білетін, қазіргісін саралай білетін халықтың ұрпағымыз. Саналы ғұмырын халықтың әл-ауқатын жақсартуға арнап, туған жерінің өркендеуіне қайталанбас қолтаңбасын қалдырған Нажмадин Ысқақовтың нар тұлғасы уақыт өткен сайын биіктей береді. Еңбектің ерен үлгісін көрсетіп, артына өшпестей із қалдырған ер есімі қай кезде де ұмытылмақ емес, халық құрметімен мәңгі жаңғыра береді, – деді аудан басшысы.
Одан соң, тағылымы мол іс-шарада Мемлекет және қоғам қайраткері Еламанов Бекмырза Қайыпұлы және еңбек ардагері Исағали Жұмағұлов сөз сөйлеп, өнегелі іске мұрындық болған азаматтарға ізгі лебіздерін жеткізіп, ағамыздың өмірі мен еңбек жолы туралы айта келе жастарға үлгі болатын істерге қашанда қолдау барын айтты.

БӨЛІСУ