Бүгін аудан орталығында кезекті сенбілік жұмыстары ұйымдастырылды. Қала аумағында өткен тазалық шарасына жалпы 50-ге жуық мекемеден 700-ден аса адам атсалысып, 10-ға жуық арнайы техникалар тартылды. Сенбілік барысында аудан әкімі Серік Сермағамбетов тазалықты ретке келтіру бағытында жасақталған қала аумағын 8 сектор бойынша аралап, жүргізіліп жатқан жұмыстарды бақылап шықты. Аудан басшысы жауапты сектор басшыларына әрбір тұрғын үй бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, тұрмыстық қалдықтарды тиісті мекеме арқылы арнайы полигонға төктіру бағытында жүйелі жұмысты үйлестіруді тапсырды. Сондай-ақ аудан әкімі туған қаланы таза ұстау үшін тек мемлекеттік мекемелердің ғана емес, барша тұрғындардың ортақ ісі екендігін де жеткізді.
Қазіргі таңда аудан орталығының шеткі көшелері мен сырт аймақтарына тазалық жұмыстары ұдайы жүргізілгендігіне қарамастан, белігеленбеген жерлерге қоқыс тастау фактілері тиылмай тұр. Осыған орай аудан әкімі секторға жауаптылар мен учаскелік полиция бірлесе отырып рейд жұмыстарын жүргізу қажеттігін тапсырды.
Тұрғындар кезекті сенбілік барысында автожол жиектерін, темір жолы маңы мен қоғамдық орындардарды, қалаға кіре беріс аймақтар мен көшелердегі қоқыс қалдықтарын шығарып, ортақ үйіміздің көркеюіне өз үлестерін қосты.
Аудан көлемінде жүргізіліп жатқан тазалық жұмыстарына барлық тұрғындарды белсене атсалысуға шақырамыз. Қоршаған ортаның тазалығына жауапкершілікпен қарау, туған жерді таза ұстау әрбір азаматтың басты міндеті.

Соғдай-ақ, Серік Сермағамбетов аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әділбек Әйімбетовпен бірге «Балықшылар аллеясының» ауласына бірнеше түп ағаш көшеттерін отырғызды.
Аудан басшысы жауаптыларға аллея ішінен жаңадан егілген жас көшеттердің бой алып кетуі үшін күнделікті қарап, күтіп-баптау қажеттігін айтты. Сонымен бірге аталған аймақтардағы бұрыннан өсіп тұрған талдарды да қараусыз қалдырмай, олардың суарылуын және қажетті тыңайтқыштардың жеткілікті болуын қадағалауды тапсырды.

БӨЛІСУ