Бүгін Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың төрағалығымен ҚР Президенті Қ.Қ.Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі республикалық штаб отырысы өтті. Онда «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық ұлттық жобасы аясында жаңа медициналық нысандар ашу және ішкі нарықта отандық дәрі-дәрмек үлесін 50%-ға дейін жеткізу мәселелері қаралды.
ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният ауылдарда медициналық нысандар салу және отандық дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдардың өндірісін ұлғайту жайында баяндама жасады. Ведомство басшысы биыл ұлттық жоба аясында еліміз бойынша 309 медициналық нысан салынатынын айтты. Сонымен қатар ішкі нарықта қазақстандық дәрі-дәрмектің үлесін 33%-ға дейін жеткізу жоспарланған.
ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов нысандардың инфрақұрылымын жеткізу және баратын жолын салуды тапсырды. Оған қоса құрылыс жұмыстары бойынша конкурстың уақытылы өтуі және емдеу мекемелеріне қажетті мамандарды даярлау жіті назарда болуы тиіс.
Республикалық штаб отырысынан соң облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Қожаниязов ҚР Премьер-Министрі берген тапсырмаларды пысықтау мақсатында жиын өткізді. Нысандар құрылысын салу және дайындықты тиянақты жүргізуді тапсырды. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» және «Жайлы мектеп» ұлттық жобалары бойынша атқарылатын іс-шаралар өңірлік Жобалық кеңсе аясында жүзеге асырылуы керектігін ескертті.
Еске салсақ, «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық ұлттық жобасы аясында Қызылорда облысында жалпы құны 9,7 млрд. теңгені құрайтын 27 нысан құрылысы жоспарлануда. Атап айтқанда, 24 дәрігерлік амбулатория, 2 фельдшерлік-акушерлік бекет, 1 медициналық бекет құрылысының тізімі Үкімет қаулысына енгізілді. Оның ішінде, 15 медициналық амбулатория мен 1 медициналық бекеттің құрылысы биыл салынатын болады.