Skip to content

ЕҢБЕК ЗАҢНАМАСЫНЫҢ САҚТАЛУЫ ЕРЕКШЕ БАҚЫЛАУДА

Еңбек заңнамасының сақталуы еңбек министрлігінің ерекше бақылауында – ОКҚ брифингі.

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің төрағасы, ҚР Бас мемлекеттік еңбек инспекторы Төлеген Оспанқұлов қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғау, оның ішінде қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету туралы айтып берді.

Еңбек заңнамасын сақтау мәселелері министрліктің ерекше бақылауында тұр, деп атап өтті спикер.
«Биылғы жылдың 1 наурызына мемлекеттік еңбек инспекторлары 900-ден астам тексеру жүргізді, оның барысында 1 мыңнан астам бұзушылық анықталды. Оның ішінде еңбек саласында – 865, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша – 132, халықты жұмыспен қамту саласында – 8. Жұмыс берушілерге 527 ұйғарым берілді және 54 млн теңгеден астам сомаға әкімшілік айыппұл салынды. 4662 өтініш қаралды», – деді ЕХӘҚМ өкілі.

Спикердің айтуынша, республика кәсіпорындарында 18 мыңнан астам өндірістік кеңес жұмыс істейді, онда 24 мыңнан астам еңбекті қорғау инспекторы ішкі бақылауды жүзеге асырады. Олар 2022 жылы еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі талаптардың 139-дан астам бұзушылықтарын анықтады.

2021 жылғы 1 желтоқсаннан бастап жұмыс берушілер hr.enbek.kz порталында орналастырылған «Онлайн-еңбек консультанты» функционалы арқылы еңбек заңнамасының талаптарын сақтау бойынша өзін-өзі тексеруден өтуге мүмкіндік алды. Сервис еңбек инспекторының қатысуынсыз интерактивті режимде тексеру жүргізеді. Бұзушылық анықталған жағдайда, бұл функционал актіні береді, оған сәйкес жұмыс беруші өз қызметіне түзетулер енгізуі керек.

«Қауіпсіз еңбек жағдайларын жасау және өндірістік жарақаттануды азайту ведомствоның негізгі міндеттерінің бірі болып табылады. Қабылданған шаралардың нәтижесінде соңғы бес жылда өндірісте зардап шеккендердің саны 6,5%-ға, қаза тапқандар саны 8,4%-ға азайды. Биылғы жылдың 1 наурызына еліміздің кәсіпорындарында 187 адам зардап шекті, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 13%-ға аз. Осы кезеңде 21 адам қаза тапты (34,4%-ға төмендеді). Соған қарамастан, жарақаттану деңгейі әлі де жоғары болып қалып отыр», – деді Бас мемлекеттік еңбек инспекторы.

Спикердің айтуынша, жарақаттанудың жоғары деңгейі бойынша Қарағанды, ШҚО, Түркістан, Қызылорда мен Абай облыстары көш бастап тұр. Бұл – өнеркәсіптік аймақтар.

Статистикаға сәйкес, 2021 жылы зерттелген 1 млн 600 мың қызметкердің 375 мыңы зиянды және қауіпті еңбек жағдайлары бар өндірісте жұмыс істеді. Зиянды және қауіпті өндірістердің пайызы Қарағанды, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарында да жоғары.

«Еңбек заңнамасына сәйкес жұмыс беруші зиянды өндірістерде жұмыс істейтін қызметкерлерге кепілдіктер мен өтемақылар береді. Бұл жұмыс уақытының ұзақтығының қысқаруы, жыл сайынғы қосымша еңбек демалысы, еңбекақы мөлшерінің ұлғаюы және арнайы тамақ беру», – деді еңбек министрлігінің өкілі.

2021 жылы 681 мың қызметкер зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істегені үшін 167 млрд теңгеге өтемақы алды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 19%-ға көп.

«Алтын алқа» немесе «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған аналарға жәрдемақы тағайындау бойынша проактивті қызмет көрсету кезіндегі адами фактор толығымен алынып тасталды, деп хабарлайды ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

Ендігі жерде аталған қызметті проактивті форматта алған кезде жәрдемақы тағайындау ақпараттық жүйе арқылы жүргізіледі, соның арқасында қызмет көрсету мерзімі 1 жұмыс күніне дейін қысқарды.

Егер де көп балалы ана «Алтын алқа» немесе «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған болса, тиісті мәліметтер Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараттық жүйесіне автоматты түрде түседі. Әрі қарай жүйе проактивті форматта жәрдемақы тағайындауға келісім алу үшін 1414 нөмірінен SMS-хабарлама жібереді. SMS-хабарламаға оң жауап алынған жағдайда жүйе жәрдемақы тағайындау туралы шешімді мүлдем адамның қатысуынсыз автоматты түрде қабылдайды.

Ведомство осындай тәсілді басқа да мемлекеттік қызметтерді көрсету кезінде де енгізуді көздеп отыр.

БӨЛІСУ

Designed using Hoot Business. Powered by WordPress.