Skip to content

ЕҢБЕК ҚҰҚЫНЫҢ ҚОРҒАЛУЫ ЕҢСЕНІ КӨТЕРЕДІ

Биыл 8,1 астам жұмыскердің жалақы берешегін төлеумен еңбек құқығы қорғалды.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғау жөніндегі брифингте ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің төрағасы, ҚР Бас мемлекеттік еңбек инспекторы Төлеген Оспанқұлов жалақы берешектерін өндіріп алу бойынша атқарылған жұмыстар туралы айтып берді.

Жалақы бойынша берешектерге апта сайын мониторинг жүргізіледі. Биыл 24 наурыздағы жағдай бойынша республика бойынша 73 кәсіпорында 3009 жұмыскердің алдында 1,4 млрд теңге сомасында жалақы бойынша берешек бар. Оның ішінде ағымдағы және мерзімі өткен 31 кәсіпорында 652,4 млн теңге берешек бар. 42 банкрот және оңалту сатысындағы кәсіпорындарда 669 жұмыскер алдында 728,1 млн теңге берешек тұр.

«Жұмыскерлер алдындағы ең көп берешектер өңірлер бөлінісінде Маңғыстау облысында – 242 млн теңгені, Алматы қаласында – 235 млн теңгені және Абай облысында – 140 млн теңгені құрап отыр», – деді Т. Оспанқұлов.

Жыл басынан бері еңбек инспекторлары республиканың 241 кәсіпорнында 1,9 млрд теңгеден астам сомаға берешек анықтаған. Осы кәсіпорындардың басшыларына 241 ұйғарым беріліп, 31, 6 млн теңге сомасында әкімшілік айыппұл салынды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 1,3 млрд теңгеден астам берешегі төленген 8,1 астам жұмыскердің құқығы қорғалған.

Т. Оспанқұлов жұмыскерлердің алдында жалақы бойынша берешекті болдырмау мақсатында қабылданып жатқан шаралар туралы да айтып берді.

Биыл жергілікті атқарушы органдар әлеуметтік әріптестік жөніндегі үшжақты комиссияның 13 облыстық және 78 қалалық және аудандық отырысын өткізді. Онда 30-дан астам проблемалық кәсіпорынның, оның ішінде берешегі бар да кәсіпорындардың басшылары тыңдалып, мәселелер көтерілген. Азаматтардың еңбек құқықтарын қорғау жалақы бойынша берешекті өндіріп алу үшін және ақпарат алмасу мақсатында жұмыс Бас прокуратураның, еңбек, қаржы және әділет министрері бекіткен төртжақты бірлескен бұйрықтың шеңберінде жүргізіледі, деді Бас мемлекеттік еңбек инспекторы.

Қазір жергілікті атқарушы органдар жұмыскерлердің жалақысын арттыру бойынша жұмыс берушілермен түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.

«Нәтижесінде өткен жылы 2,5 мың жұмыс беруші 5%-дан 50%-ға дейін бөліністе 2 млн астам жұмыскердің жалақысын көтерді. Жыл басынан бері 1,7 мың жұмыс беруші 1 млн астам жұмыскердің жалақысын орта есеппен 12%-ға көтерді», – деді Бас мемлекеттік еңбек инспекторы.

Комитет төрағасының айтуынша, бұл бағыттағы жұмыс әрі қарай жалғасады.

Сонымен қатар ол жалақы жөніндегі берешекті өтеу бойынша жұмыстың тиімділігін арттыру мақсатында еңбек инспекторының құзыреті артқанын жеткізді. Министрліктің бастамасы бойынша мемлекеттік еңбек инспекторының жұмыс берушіге жалақы берешегін төлеу туралы нұсқамасы атқарушылық құжаттың міндетті күші бар құжаттарға жатқызылды. Қазіргі уақытта нұсқаманы орындау мерзімі өткеннен кейін ол мәжбүрлеп орындау үшін жеке сот орындаушыларына жіберіледі.

«Жоғарыда аталған шара жалақы бойынша берешек болған жағдайда неғұрлым пәрменді шараларды қабылдауға мүмкіндік береді. Осылайша, сот орындаушылары борышкерлердің шоттары мен мүлкіне тыйым сала алады және оның шетелге шығуын шектейді. 2022 жылы сот орындаушыларына 47 іс жіберілді, ал осы жылдың 2 айының көлемінде 14 іс берілді», – деді Т. Оспанқұлов.

Еңбек кодексіне сәйкес жұмыс беруші жұмыскерлерге тең еңбек үшін тең ақы төлеуді, сондай-ақ қандай да бір кемсітушілікке жол бермей, тең өндірістік тұрмыстық жағдайларды қамтамасыз етуге міндетті деп көрсетілген.

«Облыс прокурорлары мемлекеттік инспекторлармен бірлесіп 2022 жылы шетелдік жұмыс күшін тартатын 30-дан астам жұмыскері бар 64 кәсіпорында тексеру жұмыстарын жүргізді. Тексеру барысында еңбекақы төлеудегі теңгерімсіздіктің 179 жағдайы анықталды, мысалы, қазақстандық және шетелдік қызметкер арасындағы жалақы теңгерімсіздігі», – деді Т. Оспанқұлов.

Сонымен қатар, шетелдіктердің рұқсаттарда көзделмеген жұмыстарды орындауының 399 жағдайы анықталған. Мысалы, шетелдік қызметкердің берілген рұқсатқа немесе жасалған еңбек шартына сәйкес келмейтін мамандық бойынша жұмысты орындауы. Қазақстандықтарды қамту бөлігіндегі талаптарды сақтамаудың 210 жағдайы анықталса, шетелдіктердің білімінің олардың атқаратын лауазымдарына сәйкес келмеуінің 205 жағдайы нақтыланған.

«Анықталған бұзушылықтарды жою үшін 263 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оларға 64,3 млн теңге сомасына айыппұл салынды. Әкімдіктер шетелдік азаматтарға берілген 390 рұқсатты қайтарып алды», – деді спикер. Қазақстандықтардың шетелдік жұмыскерлермен бірдей жалақы алуы еңбек министрлігі тарапынан үздіксіз бақылауда екенін жеткізді бас мемлекеттік еңбек инспекторы журналистің сауалына жауап бере отырып.

 

БӨЛІСУ

Designed using Hoot Business. Powered by WordPress.