Бүгін Қазалы ауданында құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі аудандық комиссияның кезектен тыс отырысы өтті. Оған аудан әкімінің орынбасары Күнтілес Назымбеков, аудан прокуроры Дарын Әбіш, облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Шамшидин Амитов, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Әзизбек Ізімбетов, комиссия мүшелері, кент, қала, ауылдық округ әкімдері, бөлім басшылары мен мектеп директорлары қатысты.
Комиссия отырысында 2023 жылы аудан көлемінде кәмелетке толмағандардың арасында құқық бұзушылық профилактикасы, олардың жыныстық қол сұғылмаушылығына және жасөспірімдер арасында топтық төбелестер бойынша атқарылған жұмыстардың тиімділігі және алдағы уақытта атқарылатын іс-шаралар талқыланды.
Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша аудан прокурорының орынбасары Ғанибек Сағатов, аудандық полиция бөлімінің бастығы Болат Кабизов хабарлама жасады.
Отырыста аудан прокуроры Дарын Елтайұлы білім беру ұйымдары мен ювеналды полиция тобының инспекторларымен кәмелетке толмағандардың арасында қылмыстық құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында жұмыстарды жандандыру, жыныстық қол сұғылмаушылығына қатысты қылмыстардың орын алуына ықпал еткен себептер мен жағдайларды жою, оқушылардың түнгі мезгілде тұрғынжайдан тыс жерлерде заңды өкілінсіз жүруін тоқтату, топтық төбелестің алдын алу мәселелерін көтеріп, құқық бұзушылықты болдырмау бағытында ұсыныстарын жеткізді. Сондай-ақ, комиссия отырысында айтылған кемшіліктер мен сын-ескертпелерден оң нәтиже шығарып, жауапкершілікті күшейтуді жүктеді.
Облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Шамшидин Егенбердіұлы баланың теріс іс-әрекетіне тек полиция немесе білім ұйымдары емес, ата-ана, бүкіл қоғам жауапты екендігін баса айтты. Сонымен қатар, тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен жанұялардың жағдайына тұрақты түрде мониторинг жүргізіп, күн тәртібіндегі мәселе бойынша атқарылатын жұмыстарды жыл көлемінде жүйелі жалғастыру қажеттігін ескертті.
Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Әзизбек Жәнібекұлы білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету, бейнекамералар орнату, жасөспірімдердің әлеуметтік желіге кіруіне шектеу қою мәселелерін көтерді.
Аудан әкімінің орынбасары Күнтілес Айдарбекұлы кәмелетке толмағандардың арасындағы құқық бұзушылықтар проблемасы қазіргі уақытта қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі екенін атап өтіп, кәмелетке толмаған жасөспірімдердің қажетті деңгейде білім мен тәрбие алуы, олардың құқықтарының қорғалуы жауапты мекемелердің ұдайы назарында болуы қажеттігін айтты.

Қазалы ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

БӨЛІСУ