Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес, аудан әкімі Нұржан Сәбитұлы Ахатов Сұлутөбе, Майлытоғай, Тартоғай, Қоғалы ауылдық округі және Шиелі кенті тұрғындарымен кездесулер өткізді.

Кездесулер барысында аудан әкімі алдымен барша аудан халқына Парламент Мәжілісі мен мәслихат депутаттарын сайлау науқанында белсенділік танытып, дауыс бергендері үшін алғысын білдірді. Мұнан соң, әр ауылдық округ бойынша депутат болып сайланған аудандық мәслихат депутаттарын таныстырып, алдағы уақытта депутаттардың қолдауымен көпеген істер атқару жоспарланғанын айтты.

Ең алдымен аудан басшысы биылға жылға 6 бірдей ауылға газ жүйесін тарту, 2 ауылға ауыз су жүйесін жүргізу, 2023-2024 жылдары 8 бірдей елді мекенде амбулаториялық ғимараттардың құрылысын жүргізу жоспарланып отырғанын айтты. Келесі кезекте, Нұржан Сәбитұлы 3 ай бұрын көтерілген мәселелердің шешімін тапқанын бір бөлек, алдағы уақытта шешілетінін бір бөлек баяндап, тұрғындардың сауалдарына жауап берді. Ауылдық округ тұрғындарының тарапынан аяқ су каналдарының тазалығы, жедел жәрдем көлігін жаңарту, 2022 жылы берілген трансформаторларға қосымша жаңа трансформатор орнату секілді мәселелер көтерілді.

Ал, кент тұрғындарын мазалаған мәселелер қатарында, кенттің ішкі көшелеріне асфальт жабындысын төсеу, қоқыс контейнерлерінің санын көбейтіп, айналасына қоршау орнату, тоқтап қалған бірнеше қоғамдық көлік бағыттарын қайта жаңғырту мәселелері бар. Аталған мәселелерге қатысты, аудан басшысы «Биылғы жылы Шиелі кентінің біршама көшелерінде асфальт жабындысын толықтай жаңартуды жоспарлап отырмыз. Асфальт жабындысы ұзақ сақталуы үшін суағар жүйесін жүргізу де жоспарымызда. Ал, уақытша жүруіне тоқтатқан қоғамдық көліктерге келер болсақ, біз біршама жұмыстар атқарып, осы бағыттарды «әлеуметтік маңыздағы бағыт» деп танып, қоғамдық көлік иелеріне мемлекет тарапынан субсидия бөлуді қарастырып жатырмыз. Алдағы уақытта бұл мәселе де шешімін табады», – деді Нұржан Сәбитұлы.

Кездесу соңында Шиелі кенті ардагерлер кеңесінің төрағасы Болат Күлімбет аудан көлемінде жүргізіліп жатқан тазалық жұмыстарына алғысын білдіріп, өзге де кент тұрғындарын осы бір игілікті іске үн қосуға шақырды.

Шиелі ауданы әкімінің баспасөз қызметі

БӨЛІСУ