Қазақстан Республикасы Президентінің «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» 2022 жылғы 3 наурыздағы №826 Жарлығына сәйкес Жалағаш ауданының әкімі Есжанов Асқарбек Темірбекұлының кент және ауылдық округтердегі халықпен кездесуі Жаңадария ауылдық округінен бастау алды. Жаңадария ауылы халқының ұсынысына сәйкес жаңа жобалар жүзеге асырылатын болады.

Атап айтқанда, Жаңадария бағытындағы ұзындығы 17 шақырым автомобиль жолы жөнделеді. Жоба құны 391,1 млн. теңгені құрап отыр. Сондай-ақ, жалпы құны 10 млн теңгені құрайтын балалар ойын алаңын да  салу көзделген.

Тағы бір айта кетерлігі, бағаны тұрақтандыру мақсатында Жаңадария ауылынан картоп, бақша дақылдарын орналастыруға 50 га жер дайындалуда. Аяқ судан мәселе болмауы тиіс.  Аудан басшысы ауыл халқының «Асар» әдісі арқылы салған каналына өткел жасау мәселесін шешуді жауапты сала басшыларына тапсырды. Кәсіпкерлікті дамыту мақсатында Жаңадария қауынын сатуға арналған арнайы орын әзірленетін болады. Бұл ауылдықтардың біраздан бері көтеріп жүрген мәселесі. Кездесу соңында аудан басшысы ауылдың әлеуетін дамыту мақсатында ауыл әкіміне бірқатар тапсырмалар жүктеді.

Аудан әкімі Асқарбек Темірбекұлы мұнан соң Есет батыр ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Кездесу барысында аудан басшысы 2023 жылдың бірінші тоқсанында атқарылған негізгі жобаларға тоқталып өтті. 2023 жылы Есет батыр ауылында дәрігерлік амбулатория құрылысы басталады. Жоба құны 410,1 млн. теңге. Ауыл халқының көкейінде жүрген негізгі мәселелердің бірі ауылға аяқ су тарту үшін су насосы алудың да күрмеуі шешілген. 2022 жылы Есет батыр ауылында үш көшеге жарықтандыру жұмыстары жүргізілді. Халықтың ұсынысына сәйкес бұл жоба өз жалғасын табатын болады.

Ал Еңбек ауылындағы көшелер кезең кезеңімен жөндеуден өткізілетінін айтқан аудан әкімі “2023 жылы ауылда жалпы құны 68.3 млн. теңгені құрайтын Т.Дәуітбаев, Абай және М. Байділдаев көшелеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі”-деді.

Сондай ақ, аудан басшысы халықпен кездесу барысында Мәдениет Үйін жөндеуден өткізу және электр трансформаторын ауыстыру туралы көтерілген ұсыныстардың 2024 жылы жүзеге асырылатындығын жеткізді.

БӨЛІСУ