Бүгін ҚР Президент Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Әлимұхаммед Құттымұратұлы жұмыс сапарымен Қазалы ауданына келді. Мемлекеттік инспекторды аудан әкімі Мұхтар Оразбаев қарсы алды.
Мемлекеттік инспектор жұмыс сапарын Қарлан учаскесіндегі темір-бетон көпірінің құрылыс жұмыстарымен танысудан бастады. Биыл «Қарлан» көпірінің құрылысын жалғастыру үшін бюджеттен 1,6 миллиард теңге бөлінді. Жаңа көпір іске қосылғанда дарияның арғы бетінде орналасқан ауылдардың қарым-қатынасы үшін қолайлы әрі қауіпсіз болмақ.
Әрі қарай Ә.Құттымұратұлының ауданға сапары Басықара ауылындағы Ә.Тыныбаев атындағы су торабында жалғасты. Су торабы өткен ғасырдан бері ел игілігіне тиімді пайдаланылып келеді. Учаскеде 22 жұмысшы-инженер қызмет етеді.
Мұнан соң мемлекеттік инспектор Құмжиек ауылында өткен жылы пайдалануға берілген спорт кешенінің жұмысымен танысып шықты. Қазіргі таңда жасөспірімдер футбол, баскетбол, волейбол, үстел теннисі, шығыс жекпе-жегі, бокс секілді үйірмелерде жаттығу жасауда.
Бұдан кейін «РЗА» АҚ-ның ірі қара өсіру кешені мен сүт өңдеу зауытының жұмысымен де танысты. Тәулігіне 30 тонна сүт өңдейтін зауыт Еуропаның озық технологиялық құрал-жабдықтарымен жабдықталған. Онда пастерленген және ультрапастерленген сүт, айран, қаймақ, сүзбе, сары май, құрт, ірімшік шығарылады.
Мемлекеттік инспектор сапар соңында Қазалы ауданында қолға алынып, жүзеге асырылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді.

БӨЛІСУ