Сәрсенбі күні аудан әкімі Нұржан Сәбитұлы Ахатовтың төрағалығымен мәжіліс отырысы өтті. Жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, ауылдық округ әкімдері мен бөлім басшылары, «Amanat» партиясы аудандық филиалының төрағасы Болат Мүбаракұлы қатысты.

Мәжілісте 4 мәселе қаралып, «Салық базасын кеңейту бойынша атқарылған жұмыстар» тақырыбында аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Дәуренбек Жакеев, аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Еркеғали Абдрахманов сөз сөйледі. Дәуренбек Жакеев салық түсімдерін ұлғайту бағытында арнайы жұмысшы топ құрылғандығын айтса, Еркеғали Абдрахманов аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының төрағалығымен өткен мәжіліс хаттамасына сәйкес, бюджет түсімдерін қамтамасыз ететін қосымша резервтердің мәліметін апта сайын облыстық департаментке ұсынылып отырғанын айтты. Мұнан бөлек, салық төлеушілердің салық декларациясын тапсыру барысында жалдамалы жұмысшыларды көрсетпеу секілді фактілердің кесірінен бюджетке төленетін төлемдердің мерзімінде аударылып отыруын қадағалауда қиындықтар кездесіп жатқандығын тілге тиек етті. Дегенмен, жан-жақты жұмыстардың нәтижесінде бюджетке жеке табыс салығы мен әлеуметтік салыққа 918,6 мың теңге өндірілген.

Мұнан соң, сөз алған аудандық ауыл шаруашылығы және жер бөлімінің ​ басшысы Мұрат Әшірбеков «Көктемгі егін науқанының жүру барысын» баяндап, егіске қажетті жанар-жағармай мен тыңайтқыштардың жеткілікті екендігін және ауыл шаруашылығы өнімдерін әртараптандыру мақсатында жасалып жатқан жұмыстарға тоқталды. Сондай-ақ, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, өтініш білдірген 1590 азаматқа бау-бақша өнімдерін егу үшін жер дайындап беріліп жатқандығын айтты.

Келесі кезекте аудандық қорғаныс істер жөніндегі бөлімінің басшысы Руслан Шәріпбаев 2023 жылғы көктемгі әскерге шақыруды ұйымдастыру барысы туралы баяндама жасап, ауылдық округ әкімдеріне бұл бағыттағы жұмысты күшейтуді ұсынды. Аудан әкімі де бұл ұсынысты құптап, ауыл әкімдеріне қатаң тапсырма жүктеді.

Соңғы болып, аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ғабит Аманжолов аудан бойынша жүргізіп жатқан көркейту-көгалдандыру жұмыстарының барысына тоқталды. Сондай-ақ, қазіргі таңда шамамен аудан бойынша 34 мың 465 түп ағаш егілгенін, бұл істерге шаруашылықтар мен мекемелерде атсалысып жатқанына тоқталды. Өз кезегінде аудан әкімі Нұржан Сабитұлы аппарат басшысына аталған деректерді жан-жақты зерттеп, нақты мәліметтер ұсынуды тапсырды.

Шиелі ауданы әкімінің баспасөз қызметі

БӨЛІСУ